3 Қараша 2026, 11:02 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстанда өзінің АЭС-і үшін уранның стратегиялық қоры құрылады

Бұл бастама елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, атом энергетикасының тұрақты дамуына бағытталған.

Қазақстанда атом электр станцияларының қажеттілігін қамтамасыз ету үшін уранның мемлекеттік стратегиялық қорын қалыптастыру жоспарланып отыр. Бұл бастама елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасында энергетика саласын дамытуға ерекше мән берілген.

Атом электр станцияларының қажеттілігін қамтамасыз ету үшін уранның мемлекеттік стратегиялық қорын қалыптастыру жоспарланып отыр. Бұл – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Сонымен қатар «Мойынқұм» атом электр станциясы жобасына қатысты үкіметаралық келісімді 2027 жылдың соңына дейін әзірлеу көзделген. Бұл шаралар Қазақстанның атом энергетикасын дамытуға және болашақта электр энергиясына деген сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді вице-премьер.

Аталған бастамалар елдің энергетикалық әлеуетін арттыруға, атом энергетикасын дамытуға және ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда айрықша маңызды металдар қорын басқарудың ұлттық жүйесі құрылатыны айтылды. 

Тағы оқи отырыңыз: 6,5 трлн теңге, үш жаңа әуежай және АЭС: Жолдаудан соң қандай жобалар іске асады?