12 Қараша 2026, 11:14 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады: Жаңа тарихи көрсеткіш жарияланды

Ауылдарда мыңнан астам медициналық нысан салынды, өңірлерде жаңа технологиялар енгізілді. Нәтижесі қандай?

Қазақстанда халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,97 жасқа жетті. Бұл – ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. 2021 жылдан бері аталған көрсеткіш 5,6 жылға өскен. Сонымен қатар соңғы жылдары жалпы өлім-жітім деңгейі 9,2 пайызға төмендеген.

Оң динамика денсаулық сақтау саласындағы профилактикалық бағдарламалардың кеңеюімен, жоғары технологиялық медицинаның дамуымен және өңірлерде медициналық көмектің қолжетімділігінің артуымен байланысты. Бұл туралы денсаулық сақтау саласындағы мәліметтерде айтылған.

Қазақстанда ауруларды ерте анықтауға, әсіресе жүрек-қан тамырлары және онкологиялық аурулардың алдын алуға басымдық беріліп отыр. Себебі аталған дерттер өлім-жітімнің едәуір бөлігін құрайды.

2025 жылдан бастап елде скринингтік бағдарламалар кеңейтілді. Атап айтқанда, скринингтен өтетін азаматтардың жас шегі 70-тен 76 жасқа дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ 50-76 жас аралығындағы ер адамдар үшін инсульт қаупін анықтауға бағытталған скрининг енгізілді. Бұдан бөлек, онкологиялық скринингтің барлық кезеңі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне енгізілді. Осылайша, медициналық сақтандыру мәртебесіне қарамастан, азаматтар аталған тексерулерден өте алады.

Өңірлерде жоғары технологиялық медицина дамып келеді

Елімізде жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі де артып отыр. Қазір Қазақстанда 85 инсульт орталығы және 83 коронарлық араласу орталығы жұмыс істейді. Роботтандырылған хирургия, трансплантология және кардиохирургия бағыттары да дамып келеді.

Ашық жүрекке жасалатын жоғары технологиялық операциялардың саны 7,2 пайызға артқан.

Онкологиялық қызмет саласында да бірқатар өзгеріс бар. Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық базасында Орталық Азиядағы алғашқы протондық терапия орталығы ашылды. Сонымен қатар елде 14 заманауи желілік үдеткіш іске қосылды.

Жыл сайын 15 мыңға дейін пациент заманауи сәулелік ем алады. Олардың басым бөлігі емді өз өңірінде қабылдау мүмкіндігіне ие.

ПЭТ-орталықтар желісі де кеңейіп келеді. Жаңа орталықтар Ақтау мен Қызылорда қалаларында ашылды. Қарағанды, Өскемен, Ақтөбе және Шымкент қалаларында осындай орталықтарды құру жұмыстары жалғасып жатыр.

Ауылдарда 1 259 медициналық нысан салынды

Ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру да негізгі бағыттардың бірі болып отыр. Соңғы жеті жылда Қазақстанда 1 259 медициналық нысан салынған. Оның 655-і «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтерді.

Нәтижесінде 200-ден астам ауыл алғаш рет өз медициналық мекемесіне ие болды. Ал миллионға жуық ауыл тұрғыны үйіне жақын жерден медициналық көмек алу мүмкіндігіне қол жеткізді.

Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі де айтарлықтай өскен. 2019 жылы бұл салаға 1 трлн теңге бөлінсе, 2026 жылы қаржы көлемі 3,4 трлн теңгеге жетті. Яғни жеті жылда қаржыландыру 3,4 есе артқан.

Бұл қаражат диагностикалау, емдеу және жоғары технологиялық медициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған.

Тағы оқи отырыңыз: Ауруханалардан ауылдағы медпункттерге дейін: Қазақстан медицинасы жеті жылда қалай жаңарды? 

Қазақстанның денсаулық сақтау инфрақұрылымы: Жеті жылда қандай нысандар салынды?