12 Қараша 2026, 16:35 Фото: depositphotos.com

Қазақстанда NVIDIA-мен бірлесіп физикалық жасанды интеллект зертханалары ашылады

Қазақстанда жасанды интеллект саласындағы білім беру мен ғылыми зерттеулерді бір орталыққа біріктіретін арнайы университет ашылады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, биылдан бастап жоғары оқу орындарының оқытушылары мен профессорлары жасанды интеллект бойынша арнайы курстардан өтеді. Сонымен қатар 62 мыңнан астам қызметкерге ChatGPT Education платформасының лицензиясы тегін беріледі.

Қазір NVIDIA, Huawei, Google және Lenovo сияқты ірі технологиялық компаниялармен бірлескен жобалар басталды. Дженсен Хуанг қол қойған хаттарды да тараттық. Соңғы жаңалықтардан кейін бұл дұрыс па, бұрыс па деген сұрақ туындауы мүмкін. Бірақ ол біздің жұмысымызға жоғары баға берді. NVIDIA компаниясымен физикалық жасанды интеллект бойынша зертханалар ашамыз, – деді Саясат Нұрбек.

Министрдің сөзінше, жаңа университет аясында жасанды интеллектке қатысты білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеу жобалары бір орталыққа шоғырландырылады. Бұл бағытта халықаралық технологиялық компаниялармен ынтымақтастықты дамыту да көзделіп отыр.

Бұған дейін Қазақстанда соңғы жеті жылда жоғары білім беру жүйесін қаржыландыру көлемі артқаны хабарланды. Мемлекеттік білім беру тапсырысына бөлінетін қаражат 1,5 трлн теңгеге жетіп, 2,6 есе өсті.

Белгілі болғандай, әлеуметтік осал санаттағы студенттердің жатақхана шығыны өтеліп, стипендиясына үстемеақы төленеді.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда студенттердің үлгерімін бағалау жүйесі өзгерді: Жаңа GPA қалай есептеледі?