8 Қазан 2026, 17:03 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда мұнай өнімдерін міндетті таңбалау енгізілуі мүмкін

Мұнай өнімдерінің көлеңкелі нарығы 3,2 трлн теңгеге бағаланып отыр.

Қазақстанда мұнай өнімдерін молекулалық таңбалау бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Оның көмегімен жанармайдың шығу тегін бақылап, өнімнің араластырылғанын анықтауға болады. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, биыл мұнай өнімдерін молекулалық таңбалау бойынша пилоттық жоба басталған. Технология жанармай құрамына арнайы маркер қосуды көздейді. Оның бар-жоғын мобильді анализаторлардың көмегімен тексеруге болады.

Журналистер пилоттық жоба аясында заңсыз айналымдағы қанша жанармай анықталғанын сұрады.

Көлеңкелі нарықты анықтаудың белгілі бір әдістемесі бар. Біз 17 тауар позициясына талдау жасадық. Оның ішінде қазірдің өзінде міндетті таңбалауға жататын жеті тауар бар. Осы позициялар бойынша көлеңкелі нарықтың жалпы көлемі шамамен 8,7 трлн теңге деп бағаланады. Оның 3,2 трлн теңгесі немесе 37,3%-ы мұнай өнімдеріне тиесілі, – деді Әсет Нүсіпов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзінше, пилоттық жобаны екі компания жүзеге асырып жатыр. Оның бірі – Сингапур компаниясы, екіншісі – Швейцария компаниясы.

Әңгіме дәл молекулалық таңбалау туралы болып отыр. Яғни белгіленген алаңда, ал бізде үш мұнай өңдеу зауыты бар, солардың бірінде таңбаланған молекулалық сұйықтықтың аз мөлшері алынып, жалпы көлемге, мысалы, цистернаға құйылады. Оның көмегімен әртүрлі кезеңде нақты бензиннің сұйылтылған-сұйылтылмағанын, қай жерде сатылғанын және қайдан келгенін анықтай аламыз. Пилоттық жоба бойынша жұмыс жүріп жатыр. Ол 2026 жылғы 1 қыркүйекте ғана басталды. Пилот сәтті аяқталса, мұнай өнімдерін міндетті түрде таңбалау туралы шешім қабылдаймыз. Менің ойымша, келесі жылы мұнай өнімдерін таңбалауды енгіземіз. Себебі біз қарастырған 17 тауар позициясының үштен бірінен астамын мұнай өнімдері құрайды, – деді Әсет Нүсіпов.

Сауда және интеграция министрлігі Цифрлық трансформация және тауарларды таңбалау департаменті директорының орынбасары Әсет Өтегенов пилоттық жобаны алдымен субсидияланатын дизель отынынан бастауды жоспарлап отырғандарын айтты.

Қазір концентраттың автокөлік механизмдері үшін қауіпсіздігі тексеріліп жатыр.

Бензин белгілі бір концентратпен араластырылады. Оның автокөлікке зияны болуы мүмкін. Осыған байланысты қазір зертханаларда толық әрі мұқият тексеру жүргізіп жатырмыз. Зертхана концентраттың қауіпсіз екенін растаған бойда оны нақты жағдайда қолдана бастаймыз, – деді ол.

Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері әзірге міндетті таңбалаудың болашақта жанармай бағасына қалай әсер ететініне қатысты болжам жасаған жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Tañba Бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының басқарушы директоры Алмат Исмаилов таңбалау жүйесіндегі ақауға қатысты түсініктеме берді.

Тағы оқи отырыңыз: Жалған өнімді қалай анықтауға болады: Қазақстандықтар 2,3 млн тауарды тексерген