26 Тамыз 2026, 11:18 Фото: ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Қазақстанда мұғалімдердің жалақысына білім саласы қаржысының 65,9%-ы жұмсалады

Білім саласына бөлінетін қаржы үш еседен астам артты.

Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Жаңа Конституция – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында педагогтердің тамыз конференциясы басталды. Жиынның ашылуында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім саласындағы өзгерістер мен педагогтерді қолдауға бағытталған жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министр жаңа оқу жылының басталуымен ұстаздар мен білім саласының мамандарын құттықтап, биылғы оқу жылы еліміз үшін маңызды тарихи кезеңде басталып отырғанын атап өтті.

Оның айтуынша, жаңа Конституцияда адам капиталын, білім, ғылым және инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындалған.

Оның өзегінде адам, оның құқығы мен жауапкершілігі, заң және тәртіп, адал еңбек және ел болашағына жауапкершілік тұр. Осы қағидаттарды балаларымыздың күнделікті өмір мәдениетіне айналдыру – білім жүйесінің басты міндеті, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің сөзінше, білім беру жүйесінің алдында терең білімді, еңбекқор, заңға бағынатын және мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінетін азаматтарды тәрбиелеу міндеті тұр.

Сонымен қатар ол Президенттің қолдауымен білім беру саласында бірқатар іргелі реформалар жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Атап айтқанда, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылды. Білім сапасын арттыру, педагогтерді қолдау және инклюзивті білім беруді дамыту жұмыстары жалғасып келеді.

Министр TALIS халықаралық зерттеуінің қорытындыларына сәйкес, Қазақстандағы педагогикалық контингенттің көрсеткіштері де жоғары нәтижелер көрсетіп отырғанын атап өтті.

Жұлдыз Сүлейменова білім саласына бөлінетін қаржы көлемінің де айтарлықтай өскенін айтты.

2019-2025 жылдар аралығында білім саласына бөлінетін қаржы көлемі үш еседен астам ұлғайған. Оның 65,9%-ы педагогтердің еңбекақы қорына жұмсалады, - деді ол.

Бұдан бөлек, оқушыларды тамақтандыру және оларды оқулықтармен қамтамасыз ету шараларына да тұрақты түрде қаржы бөлініп келеді.

Білім саласына көрсетіп келе жатқан қолдауыңыз үшін, ұстаздарымыз бен оқушыларымызға деген зор қамқорлығыңыз үшін ұстаздар қауымдастығы атынан шынайы ризашылығымызды білдіреміз, – деді министр Президентке қарата сөйлеген сөзінде.

Тамыз конференциясында білім беру жүйесінің жаңа оқу жылындағы негізгі басымдықтары талқыланып, педагогтерді қолдау, білім сапасын арттыру, цифрландыру және жаңа технологияларды оқу процесіне енгізу мәселелеріне назар аударылады.

Еске салсақ, 

бүгін Астанада педагогтердің дәстүрлі тамыз конференциясы өтіп жатыр. Биылғы жиын «Жаңа Конституция – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбына арналған. Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан конференцияға еліміздің өңірлерінен келген мұғалімдер, білім беру саласының мамандары мен сарапшылар қатысуда. Бұл дәстүрлі жиын биыл 600 маманның басын қосты.

Тағы оқи отырыңыз: Роботтар оқушыға не үйрете алады? Робот мұғалімнің көмекшісіне айнала ма? 

«Мұғалім мамандығына амалсыздан баратындар бар»: Педагог білім беру жүйесіндегі мәселені көтерді