Қазақстанда мобильді операторларға қатысты үлкен тексеру басталуы мүмкін
Депутаттар жасырын ақша шешу, ақылы сервистер мен қымбат тарифтерге шағым көбейгенін мәлімдеді.
Мәжіліс депутаты Олжас Нұралдинов Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке депутаттық сауал жолдап, Қазақстандағы ұялы байланыс операторларының тарифтік саясаты мен ақылы сервистеріне кешенді тексеру жүргізуді талап етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, қазақстандықтар қымбат тарифтерден бөлек, жасырын ақша шешу, ақылы сервистерді рұқсатсыз қосу және түсініксіз тарификация мәселелерімен жиі бетпе-бет келіп жатыр.
Атап айтқанда, Kcell және Activ абоненттері «Fun Online», «My Games», «Марафон желаний», «Cinema Games», «New Happy Bonus» секілді ақылы сервистердің пайдаланушы келісімінсіз қосылғанына шағымданған.
Депутаттың сөзінше, кей жағдайда абонент бірден бірнеше сервистің қолданушысына айналып, күн сайын шотынан ақша шешіліп отырғанын байқамай қалады.
Азаматтар айлар бойы баланстағы ақшаның неге азайып жатқанын түсінбей жүреді, – делінген депутаттық сауалда.
Сонымен қатар Beeline Kazakhstan абоненттеріне қатысты мәселелер де көтерілді.
Депутаттардың айтуынша, егер абонент тарифті ұзартуға қажетті соманы толықтыра алмаса, оператор оны автоматты түрде қымбат базалық тарификацияға ауыстырады.
Мысал ретінде депутаттар 8 мың теңгелік тарифте шотта 5 мың теңге қалған жағдайда, абонентке жетпейтін соманы ғана толықтыру мүмкіндігі берілмейтінін айтты. Оның орнына қолданушы қымбат мегабайттық интернетке автоматты түрде қосылып, бірнеше сағат ішінде барлық қаражатынан айырылуы мүмкін.
Сауалда байланыс операторлары ұсынатын «аванс арқылы баланс толтыру» қызметтері де сынға алынды.
Депутаттардың мәліметінше, кейбір жағдайда бірнеше күнге берілетін мұндай қызметтер үшін 20 пайызға дейін комиссия ұсталады.
Бұл көрсеткішті жылдық мөлшерлемеге шақсақ, шамамен 2500 пайызға тең болады, – делінген сауалда.
Осыған байланысты Ақ жол фракциясы депутаттары:
- ақылы сервистерді абоненттің нақты келісімінсіз қосуға тыйым салуды;
- барлық жазылымдар мен күнделікті төлемдерді мобильді қосымшада ашық көрсетуді;
- ақылы қызметтен бір батырмамен бас тарту мүмкіндігін енгізуді;
- пайдаланылмаған интернет-трафикті келесі айға көшіруді;
- қымбат базалық тарифке тек абоненттің келісімімен ауыстыруды ұсынды.
Сондай-ақ депутаттар ұялы операторлардың қаржылық сипаттағы сервистерін заңнамаға сәйкестігі тұрғысынан тексеруді талап етті.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов ұялы байланыс тарифін арзандатудың жолын ұсынған еді.
Тариф қымбаттағанын айтып, депутат Нартай Сәрсенғалиев байланыс операторларына шағымданды.
Сондай-ақ, Қазақстанда телефон алаяқтарына қарсы жаңа шектеулер енгізілетіні айтылды.
Тағы оқи отырыңыздар: