Қазақстанда интернет-казино құрған екі шетелдікке іздеу жарияланды
Қаржылық мониторинг агенттігі 1985 жылы 8 ақпан күні туған Ресей Федерациясының азаматы Дмитрий Пунин мен 1989 жылы 11 ақпан күні туған Украина азаматшасы Марина Ильинаға іздеу жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Олар қазақстандық қолданушыларға бағытталған Pinco және Pin-Up интернет-казиноларының заңсыз қызметін ұйымдастырды деген күдікке ілінді. Оларға белгіленген бұлтартпау шарасы - күзетпен ұстау.
Тергеу дерегінше, бұл схеманы іске асыру үшін бақылаудағы компаниялардан, төлем ұйымдарынан және банк құралдарынан тұратын тармақталған халықаралық инфрақұрылым құрылған.
Осы жүйенің Қазақстандағы буыны PIN-UP.KZ брендімен букмекерлік қызметке лицензия алған «Бонами» ЖШС болды. Алайда заңды букмекерлік бизнес интернет-казино қызметін жасыру үшін пайдаланылған. Ақша ағынын қамтамасыз ету үшін сатып алынған төлем ұйымдары, ресми түрде ғана басшы саналатын адамдар және банк терминалдары желісі пайдаланылған. Оларды қосу және жұмысын жүргізу қаржы секторы өкілдерінің жәрдемімен қамтамасыз етілген, - деп хабарлады ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.
Нәтижесінде түрлі банктер мен қаржы ұйымдарында ашылған 24 төлем терминалынан тұратын желі құрылған. Оның 14-і ақша қабылдау үшін пайдаланылған.
Қаржы операцияларының көлемі 106 млрд теңгеден асқан.
Іздеу жарияланған адамдардың қайда жүргені туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, Қаржылық мониторинг агенттігіне мына телефон арқылы хабарлауыңызды сұралады: +7 7172 70 84 78 – кезекші бөлім.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда Африкадағы алмазға сенген 1000-нан астам салымшы қаржы пирамидасына алданды.
Тағы оқи отырыңыз:
БҚО-да жеке сот орындаушысына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды
Астанада қаржы пирамидасына адам тартқан әйел 5 жылға сотталды
Сот орындаушылар 180 миллион теңгені букмекерлерге аударған