Бүгiн 2026, 15:15 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Қазақстанда аптап ыстық қашан басылады? Синоптиктер болжам жасады

«Қазгидромет» РМК 2026 жылғы 23-25 маусым аралығына арналған ауа райы болжамын жариялады.

Синоптиктердің мәліметінше, бірнеше күнге созылған аптап ыстықтан кейін еліміздің солтүстік өңірлерінің тұрғындарын аздаған салқын күтіп тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан аумағына циклон жылжып келеді. Оның әсерінен жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей жерлерде бұршақ түсіп, жел күшейеді. Сондай-ақ жекелеген өңірлерде шаңды дауыл болуы мүмкін.

Циклон өткеннен кейін елдің солтүстік және орталық аймақтарында ауа температурасы төмендеп, күн райы біршама қолайлы болады. Бұл өңірлерде күндіз ауа температурасы 23-28 градус жылы шамасында сақталады.

Алайда Қазақстанның барлық өңірінде бірдей салқындау болмайды. Синоптиктердің болжамынша, оңтүстік және шығыс өңірлерге Өзбекстан аумағынан құрғақ әрі жылы ауа массалары келуін жалғастырады.

Соның салдарынан бұл өңірлерде аптап ыстық сақталып, ауа температурасы 33-38 градусқа дейін көтеріледі. Ал жекелеген аудандарда өте қатты ыстық болып, сынап бағаны 40 градусқа дейін жетуі мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін «Қазгидромет» маусым айына арналған ауа райы болжамын жариялады

Сондай-ақ, Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда жаз ыстық болатынын айтты

2026 жылғы маусымда Қазақстанның қай өңірлерінде құрғақшылық болатыны да хабарланды