4 Тамыз 2026, 10:58 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Қазақстанда 1,8 мыңға жуық өнім үлгісі талапқа сай болмай шықты

Жыл басынан бері Қазақстанда мыңдаған өнім тексерілді. Соның ішінде 1,8 мыңға жуығы талапқа сай болмай шыққан. Қандай тауарлар анықталды?

2026 жылдың басынан бері Қазақстанда 1,8 мыңға жуық өнім үлгісі белгіленген талаптарға сәйкес келмеген. Бұл туралы Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның айтуынша, елімізде барлық бақылаушы органның жұмысын біріктіретін Ахуалдық штабтың қызметі күшейтілген. Күшейтілген мемлекеттік бақылау жүргізу үшін тауарлардың 11 басым тобы белгіленді.

Жыл басынан бері шекарада 13 мыңға жуық автокөлік тексерілді. 13 мыңға жуық өнім үлгісіне бақылау сатып алуы жүргізілді. Оның ішінде 1800-ге жуық сынама талаптарға сәйкес келмеді. 1,1 мыңнан астам сәйкестік сертификатының күші жойылды, – дейді Арман Шаққалиев.

Күшейтілген бақылау техникалық реттеу жүйесін жетілдіру аясында жүргізіліп, белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін өнімдерді анықтауға бағытталған.

Үкіметте мұндай шаралар адал жұмыс істейтін отандық өндірушілерді қорғауға және ішкі нарықтағы сапасыз тауар айналымын шектеуге ықпал етуі тиіс екенін атап өтті.

Еске сала кетейік, елімізде сауда желілері қазақстандық өнімнен негізсіз бас тарта алмайды. Отандық азық-түлік тауарларына дүкен сөрелерінің кемінде 50 пайызы бөлінеді. 

Сондай-ақ Қазақстандық өнімдер ірі шетелдік сауда желілерінің сөрелеріне шығарылатыны хабарланды. Үкімет жаңа қолдау тетігін әзірлеп жатыр.