Қазақстанда отандық азық-түлік тауарларына дүкен сөрелерінің кемінде 50 пайызы бөлінеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, Сауда министрлігі ішкі нарықта отандық өнімнің үлесін кеңейту жөніндегі шараларды іске асырып жатыр.
Мемлекеттік қолдау шараларын ескере отырып, заңнамада отандық азық-түлік тауарлары үшін сөре кеңістігінің кемінде елу пайызын, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар үшін кемінде отыз пайызын бөлу көзделген. Қосымша құқықтық өзгерістер әзірленді. Отандық өнімнің үлесі әрбір тауар санатында қамтамасыз етіледі. Бұл қазақстандық өнімнің ұсынылуын арттыруға мүмкіндік береді, – деді Арман Шаққалиев.
Отандық тауарлар сауда орындарының ең сұранысқа ие сөрелерінде орналастырылып, «Қазақстанда жасалған» белгісімен таңбаланады.
Бұл отандық тауарларға сұранысты арттырады. Оған қоса «Жаңа өндірушілер» үшін сөрелер мен «жасыл сөрелер» көзделген. Осыған ұқсас талаптар Kaspi, Halyk Market, Clever, TEEZ және тағы басқа отандық электрондық сауда алаңдарында енгізілуде. Заңмен сауда желілерінің отандық өндірушілермен жеткізу шарттарын жасасудан негізсіз бас тартуына тыйым салынды, – деді министр.
Арман Шаққалиевтің сөзінше, ведомство сауда желілерімен жыл сайын меморандумдар жасайды.
Онда отандық өнімді ілгерілету жөніндегі нақты міндеттемелер қамтылған, – дейді ол.