Қазақстан сапа инфрақұрылымы бойынша ТОП-50 елдің қатарына енді
Қазақстан 2025 жылғы Жаһандық сапа инфрақұрылымы индексінде (Global Quality Infrastructure Index 2025) 185 мемлекеттің арасында 48-орынға ие болды. Елдің ең жоғары көрсеткіші аккредиттеу саласында тіркеліп, Қазақстан бұл бағытта 32-орынға тұрақтады.
Рейтинг елдерді үш бағыт бойынша бағалайды. Олар: аккредиттеу, метрология және стандарттау.
Метрология бойынша Қазақстан 43-орынға, ал стандарттау бойынша 70-орынға ие болды.
Қазақстан қай сала бойынша ең жоғары нәтиже көрсетті?
Елдің ең үздік нәтижесі аккредиттеу саласында байқалды.
Бұл жерде сынақ және калибрлеу зертханаларының, сертификаттау органдары мен инспекциялық құрылымдардың құзыреттілігін ресми түрде мойындау жүйесі туралы айтылып отыр.
Аккредиттеу сынақ, өлшеу және сертификаттау нәтижелеріне деген сенімді арттыруға көмектеседі әрі оларды халықаралық деңгейде мойындату үшін жағдай жасайды.
Рейтинг қалай есептеледі?
Жаһандық сапа инфрақұрылымы индексі немесе GQII әлем елдеріндегі сапа инфрақұрылымының даму деңгейін салыстырады.
Есептеу барысында аккредиттеу, метрология және стандарттау бойынша деректер сарапталады.
Индекс сапа инфрақұрылымының ресми институттары ұсынатын ашық деректер негізінде қалыптасады. Есепке халықаралық ұйымдар мен ұлттық органдардың мәліметтері енгізіледі.
GQII нәтижелері ұлттық сапа инфрақұрылымының жағдайын бағалауға және оның басқа елдермен салыстырғандағы дамуын бақылап отыруға мүмкіндік береді.
Дамыған сапа инфрақұрылымы өнімдер мен көрсетілетін қызметтерге деген сенімге, халықаралық саудаға және экономиканың бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді.
GQII — Mesopartner компаниясының бастамасы. Бұл жоба көп жылдар бойы Германияның Ұлттық метрология институты (PTB) мен Германияның Экономикалық ынтымақтастық және даму федералды министрлігінің (BMZ) қаржылық және мазмұндық қолдауына ие болып келеді.
PTB (Physikalisch-Technische Bundesanstalt) — Германияның Ұлттық метрология институты.
BMZ (Bundesministerium für wirtschaftliche Zusammenarbeit und Entwicklung) — Германияның Экономикалық ынтымақтастық және даму федералды министрлігі.
2023 жылдан бастап бұл жоба Біріккен Ұлттар Ұйымының өнеркәсіптік даму ұйымымен (ЮНИДО) және INetQI Халықаралық сапа инфрақұрылымы желісінің серіктестерімен тығыз ынтымақтастық орнатқан.
Жобаға ұлттық сапа инфрақұрылымы органдары мен халықаралық сарапшылар қатысады.
Жаһандық сапа инфрақұрылымы индексі – әлем елдеріндегі сапа инфрақұрылымының дамуы туралы ашық деректер жинау, оларды талдау және тарату мақсатындағы Mesopartner компаниясының халықаралық бастамасы.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтар әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігін жоғары бағалады.
Тағы оқи отырыңыз:
Қазақстан адам дамуы индексі бойынша Орталық Азияда бірінші орында
Қазақстан әл-ауқат индексінде 66-орында
Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан ең бейбіт ТОП-50 елдің қатарына енді