Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы Жолдауы: Жаңа талаптар мен тың тетіктер
Халықтың табысын арттыру, цифрлық экономиканы дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту және мемлекеттік басқаруды жетілдіру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазандағы Жолдауында осы міндеттерге басымдық берді. Мемлекет басшысы жаңа технологияларды қолдану нақты нәтиже беріп, азаматтардың тұрмысын жақсартуға қызмет етуі керектігін айтты. BAQ.KZ тілшісі Жолдауда көтерілген маңызды мәселелер мен тапсырмаларға шолу жасады.
Цифрландырудың келесі қадамы – азаматтардың мүмкіндігін кеңейту
Қазақстан цифрлық экономика құруға міндетті. Президент бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды атап, ендігі кезекте олардың практикалық нәтижесіне назар аудару керектігін айтты.
Елде екі суперкомпьютер іске қосылған, жыл соңына дейін үшіншісі пайдалануға берілмек. Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық магистраль тарту аяқталып, деректерді өңдеу орталықтары салынып жатыр. Дегенмен Мемлекет басшысы цифрландыру ісінде сөз көп, нақты жұмыс аз екенін де ескертті. Кейде бұл жұмыс бұрыннан бар үдерістерді автоматтандырумен немесе түрлі іс-шара өткізумен шектеледі.
Президенттің айтуынша, келесі кезеңде цифрлық қызметтерге қолжетімділіктен азаматтардың жеке мүмкіндіктерін кеңейтуге көшу қажет. Интернет еңбек етіп, табыс табатын ортаға, смартфон тиімді жұмыс құралына айналуға тиіс.
Осыған байланысты Үкімет жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимін қалыптастырады. Келесі жылы бірқатар өңірде ауыл өндірушілеріне өнімін өткізуге көмектесетін пилоттық жобалар іске қосылуы керек. Бұл жұмысқа маркетплейстер, банктер, логистикалық компаниялар мен цифрлық сервистердің мүмкіндіктері тартылмақ.
Активтерді токенизациялау, яғни цифрлық ортаға көшіру де маңызды бағыт ретінде аталды. Ол азаматтарға компаниялар мен түрлі нысандардың ортақ иесі болуға, ал кәсіпкерлерге артық делдалсыз капитал тартуға жол ашуға тиіс.
Ауқымды құрылыс барлық өңірді қамтиды
Мемлекет басшысы келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Оның аясында облыс орталықтарынан бастап елді мекендерге дейін азаматтық инфрақұрылым нысандарын салу және жөндеу көзделіп отыр.
Жолдар, әуежайлар, вокзалдар, денсаулық сақтау мекемелері мен ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтары салынуы керек. Өңірлерде шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар және ғылыми орталықтар бой көтеруге тиіс. Тұрғын үй құрылысы да маңызды міндет болып қала береді.
Президент халық санының өсуі мен ішкі көші-қон әлеуметтік нысандарға түсетін жүктемені арттырғанын айтты. Сондықтан инфрақұрылымды жаңарту экономикалық міндеттермен қатар, қордаланған әлеуметтік мәселелерді шешуге де бағытталады.
Бұл жұмыста жобаларды мұқият іріктеу, сенімді компаниялармен жұмыс істеу және құрылыстың әр кезеңін бақылау қажет. Мемлекеттік аппарат осы міндеттерді кәсіби деңгейде орындауға дайын болуы керек.
Халық табысы және баға тұрақтылығы
Жолдауда мемлекеттік саясаттың нәтижесі азаматтардың әл-ауқаты мен экономикалық белсенділігі арқылы бағаланатыны айтылды. Осы тұрғыда халықтың табысын ұлғайту басты мақсаттардың бірі болып белгіленді.
Президент бағаның өсу қарқыны біршама бәсеңдегенімен, инфляция әлі де жоғары екенін атап өтті. Үкімет пен Ұлттық банкке бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеу және инфляцияны төмендету міндеті қойылды.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Бұл 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысына әсер етеді.
Халықтың әл-ауқатын арттыру үшін өндірістік әлеуетті күшейту, бизнестің өнімділігін өсіруге жағдай жасау және бюджет пен салық саясатын байыппен жүргізу қажеттігі де айтылды.
Тағы оқи отырыңыз: Президент Тоқаев: Ең маңызды мақсат – халықтың табысын ұлғайту
Банктердің қаражаты экономиканы дамытуға жұмсалуға тиіс
Президент банк жүйесінде жинақталған қаржы ресурстарын нақты секторға бағыттау мәселесін көтерді. Жолдауда келтірілген мәлімет бойынша, банктердің активтері 75 триллион теңгеден асып, депозиттер көлемі 52 триллион теңгеге жеткен. Салымдардың 78 пайызы ұлттық валютада сақталған.
Ендігі міндет – осы қаражатты экономиканы дамытуға пайдалану. Мемлекет басшысы банктер бизнесті инвестициялық несиелеуге белсенді қатысуы керектігін айтты.
Экономиканың негізгі салаларын ұзақ мерзімді несиелеудің жаңа тетіктерін іске қосу ұсынылды. Оған банктер, даму институттары, халықаралық қаржы ұйымдары және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қатысуға тиіс.
Сондай-ақ капитал нарығының мүмкіндіктерін кеңейтіп, жеке кәсіпорындарды биржалық құралдарды пайдалануға ынталандыру қажет. Қазақстан қор биржасы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы және Alatau City өзара тығыз әріптестікте жұмыс істеуі керек.
Салықтағы қайшылықтар жойылып, бюджет шығыстары қадағаланады
Президент жаңа Салық кодексінің жекелеген нормаларын қолдану кезінде кәсіпкерлер қиындықтарға тап болып отырғанын айтты. Осыған байланысты Үкіметке бизнестің пікірін ескеріп, салық заңнамасына нысаналы өзгерістер әзірлеу міндеті қойылды.
Өзгерістер нормаларды әркелкі түсіндіруге жол бермеуге, қайшылықтарды жоюға және кәсіпкерлерге түсетін артық жүктемені азайтуға бағытталуы керек. Бұл ретте бизнес үшін ережелерді қайта-қайта өзгертпейтіндей, әр шешімді мұқият пысықтау қажет.
Мемлекет басшысы ірі байлық иелеріне жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мәселесін талқылауды да ұсынды. Оның айтуынша, әңгіме заңды жолмен алынған активтерді шектеу туралы емес, әр азаматтың ел дамуына әділ үлес қосуы жөнінде болып отыр. Үкімет пен Құрылтай бұл мәселені зерделеп, ұсыныстар енгізуге тиіс.
Бюджет саясатына қатысты мемлекеттік қаражатты жоспарлау мен басқарудың сапасын арттыру міндеті қойылды. Тиімсіз шығындардың алдын алу үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, қазына жүйесін толық цифрландыру қажет.
Бизнесті қорғау және жаңа Азаматтық кодекс
Жолдауда кәсіпкерлерге тең мүмкіндік беру, әділ бәсекені қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді. Президент экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыс санатынан шығару шараларын қабылдау қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысы отандық өндірушілердің, әсіресе азық-түлік кәсіпорындарының жұмысына қолдан кедергі жасалатын жағдайларға тоқталды. Импорттық тауарлардың құнын әдейі төмендету, отандық өнімдердің ішкі нарыққа шығуын шектеу сияқты әрекеттер компаниялардың бәсекеге қабілетін әлсіретеді. Сондықтан кәсіпкерлікті қорғау және қолдау тетіктерін нығайту тапсырылды.
Президент жаңа Азаматтық кодекс қабылдау қажеттігін де мәлімдеді. Қолданыстағы құжат нарықтық экономиканың негізгі институттарын қалыптастырып, меншікті қорғау қағидатын бекітті. Алайда ол өтпелі кезеңдегі экономика үшін әзірленген.
Жаңа кодекс болашақтың экономикасына көшудің құқықтық негізін қалыптастырып, кәсіпкерлер, инвесторлар мен азаматтар үшін тұрақтылықты қамтамасыз етуге тиіс. Құрылтайға Үкіметпен бірлесіп құжатты әзірлеуге кірісіп, оны келесі жылдың соңына дейін қабылдау ұсынылды.
Әлеуметтік көмек шын мұқтаж адамдарға берілуі керек
Президент әлеуметтік саясатты ұзақ мерзімді мақсаттарға бағыттау қажеттігін айтты. Оның сөзінше, бұрын мемлекеттік басқарудағы кемшіліктерді әлеуметтік көмекті ұлғайту арқылы бүркемелеу тәжірибесі болған. Соның салдарынан қаражат шашыраңқы жұмсалып, мектептер мен ауруханалар тапшылығы өсе түскен.
Мемлекет басшысы мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс екенін атап өтті. Бірақ бұл саладағы өзгерістер азаматтардың жағдайын ескеріп, жан-жақты зерттеліп жүргізілуі керек.
Әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдері мен ақпараттық жүйелерін алдымен мұқият тексеріп, пилоттық режимде сынау ұсынылды. Оларды тиімділігі расталғаннан кейін ғана кеңінен қолдану қажет.
Президент әлеуметтік мемлекеттің міндеті халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру екенін айтты. Осыған байланысты адам капиталы мен өскелең ұрпақтың дамуына жағдай жасауға басымдық беріліп отыр.
Балаларға арналған медициналық нысандар салынады
Қазақстанда жеті миллионға жуық бала бар. Бұл – халықтың 34 пайызы. Жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Президент осы деректерді келтіріп, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жедел дамыту қажеттігін айтты.
Ауқымды құрылыстың алғашқы кезеңінде сегіз заманауи перинаталды орталық салу жоспарланған. Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей және Ақтау қалаларында жеті көпбейінді балалар ауруханасы, Астанада тағы екі медициналық нысан бой көтермек. Бұл жұмысқа бюджет қаражатымен бірге жеке капиталды тарту ұсынылды.
Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесінде жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, қаржыландыруды кезең-кезеңімен ұлғайту қажет.
Сонымен қатар келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыру тапсырылды. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік береді.
Мұғалімнің жүктемесі азайып, инклюзивті білімге жағдай жасалуға тиіс
Мемлекет басшысы Қазақстанда инклюзивті білім алуға тиіс 237 мыңнан астам бала бар екенін айтты. Үкімет пен әкімдерге осы бағыттағы инфрақұрылымды дамыту міндеті қойылды.
Маман тапшылығын азайту, ерекше қажеттілігі бар балалардың диагнозын ерте анықтау жұмысы да жүйелі жүргізілуі керек. Бұл іске «Қазақстан халқына» қорының белсенді қатысуы ұсынылды.
Президент оқу-ағарту саласындағы әр өзгеріс мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге бағытталуы керектігін атап өтті. Алайда бұрынғы қағаз есептердің орнын түрлі цифрлық платформаларға енгізілетін есептер басып отыр.
Ұстаздың негізгі міндеті – балаға сапалы білім беру. Сондықтан оған кедергі келтіретін артық жұмысты тоқтату қажет. Мұғалімнің абырой-беделін қорғау, мектептегі әр жағдайды жан-жақты қарау және отбасы, оқушы, ұстаз бен мектептің ортақ жауапкершілігін күшейту мәселелері де айтылды.
Мемлекеттік басқаруға кешенді реформа қажет
Жолдауда ел дамуының ұзақ мерзімді басымдықтарын қайта айқындау міндеті қойылды. Президент Әкімшілігі Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен, ғылыми орталықтармен, ең алдымен Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтымен бірлесіп, бір жыл ішінде тиісті құжат әзірлеуі керек.
Мемлекеттік басқаруда Үкіметтен ауыл әкімдеріне дейінгі барлық деңгейдегі құрылымдарды қайта қарау ұсынылды. Мемлекеттік мекемелер дербес шешім қабылдап, ұтымды бастама көтеруге ынталандырылуға тиіс.
Президент жасанды интеллект көмегімен қайталанатын міндеттерді және басқару жүйесіндегі қарама-қайшылықтарды жою қажеттігін айтты. Шешім қабылдауды тежейтін рәсімдер қысқартылып, мемлекеттік аппарат қағазбастылықтан арылуы керек.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеу ұсынылды. Президент Әкімшілігі 2027 жылғы 1 маусымға дейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың кешенді жоспарын ұсынуға тиіс.
Өзгерістердің басты өлшемі – азаматтардың әл-ауқаты
Жолдауда айтылған бастамалардың түпкі мақсаты – әр азаматтың дамуына мүмкіндік беру және халықтың тұрмысын жақсарту. Президент реформалардың нәтижесін ең алдымен азаматтар сезінуі керектігін атап өтті.
Мемлекет басшысы заңдарды жетілдірумен және саяси институттарды нығайтумен қатар, қоғамдық сананы жаңғырту қажет екенін айтты. «Адал азамат» идеологиясы, заңға құрмет, тәртіп пен табанды еңбек осы өзгерістердің маңызды негізі ретінде аталды.
Білім мен ғылымды, жаңа технологиялар мен жасанды интеллектіні меңгеру елдің алға басуына жол ашуға тиіс. Президент қоғамның бірлігін нығайтып, әр азаматқа тең мүмкіндік беретін Әділетті әрі Өркениетті мемлекет құру мақсатын атап өтті.