4 Тамыз 2026, 15:34 Фото: gov.kz

Қазақстан «құрлықтағы Сингапурға» айналады – Шаққалиев 

Қазақстан экспортты ұлғайтып, қосылған құны жоғары өнімге басымдық бермек. Министр елдің неге «құрлықтағы Сингапурға» айналатынын түсіндірді.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанның экспорттық әлеуеті артып, елге жаңа инвесторлар мен кәсіпорындар келетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, әлемдегі сауда қақтығыстары жағдайында көптеген мемлекет сыртқы нарықтарда босап жатқан орындарды иеленуге тырысып отыр. Министр Қазақстан дәстүрлі тауарлар экспортының көлемін ұлғайтуды жалғастырып, өнім өткізудің жаңа бағыттарын қарастырып жатқанын атап өтті.

Әлемдік саудадағы жағдайдың өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Сауда қақтығыстары ұзақ мерзімді сипатқа ие болып, көптеген ел жаңа нарықтар мен жаңа жеткізушілер іздеуде. Бұл Қазақстан үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады. Бүгінде агроөнеркәсіп кешенінің өнімдері экспорт өсімінің негізгі қозғаушы күшіне айналды. Біз сыртқы нарықтарда босап қалған орындарды қандай өнімдермен толтыра алатынымызды саралап, өндірісі елімізде дәстүрлі түрде дамып келе жатқан тауарларға басымдық беріп отырмыз, - дейді министр. 

Министр Қазақстан дәстүрлі экспорт көлемін сенімді түрде арттырып келетінін айтты. 

Келесі қадам – өнім түрлерін көбейтіп, қосылған құны жоғары тауарлардың экспортын ұлғайту. Елге инвесторлар келіп, жаңа кәсіпорындар ашылып жатыр. Сондықтан бұл үдеріс жалғаса береді. Қазақстан құрлықтағы Сингапурға айналуға тиіс, – дейді Шаққалиев.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстандық өнімдер ірі шетелдік сауда желілерінің сөрелеріне шығарылатыны хабарланды. Үкімет жаңа қолдау тетігін әзірлеп жатыр.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстандықтар Қытайда QR арқылы төлем жасай алады: Жүйелер жыл соңына дейін біріктіріледі