Бүгiн 2026, 10:00 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстан "Дружба" мұнай құбырын айналып өтудің жолын тапты

Экспортталатын мұнай көлемі жоспарлы түрде қайта бөлінеді.

Энергетика министрлігі "Дружба" мұнай құбырына байланысты мәлімдеме жасады. 

2026 жылғы мамыр айында "Дружба" мұнай құбыры жүйесі арқылы Германияға («Шведт» мұнай өңдеу зауыты) бағытталған транзит кестесі өзгертілді. Осыған байланысты 260 мың тонна экспортталатын мұнай көлемі жоспарлы түрде қайта бөлінеді.

Енді мұнай баламалы бағыттар арқылы жеткізіледі. Усть-Луга портынан 100 мың тонна, ал Каспий құбыр консорциумынан (КҚК) 160 мың тонна жөнелтіледі.

Тасымалдау бағыттарын қайта құру жүк жөнелтушілермен келісілді және өндірістік қажеттілік болып табылады. Бұл өзгерістер мұнай өндірудің жылдық жоспарының орындалуына әсер етпейді. Қолданыстағы көлік инфрақұрылымы экспорттың тұрақтылығын қамтамасыз етіп, шикізатты әлемдік нарыққа үздіксіз жеткізуге мүмкіндік береді, - деді Энергетика министрлігінің ресми өкілі, министрдің кеңесшісі Әсел Серікпаева. 

Еске салайық, Қазақстан мұнайын Германияға «Дружба» мұнай құбыры арқылы жеткізу уақытша тоқтатылғаны белгілі болған еді. Министрлік Қазақстан Германияға мұнай жеткізуді тоқтатса да, өндіруді қысқартпайтынын бірден мәлімдеді. Бұған дейін «Дружба» бағыты арқылы жылына шамамен 2,1 млн тонна мұнай жеткізілген екен. 

Сонымен қатар, бұл мәселеге қатысты BAQ.KZ тілшісі «Energy Monitor» қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұловтан және қаржыгер Расул Рысмамбетовтен пікірін білген еді