Қаза тапқан әскери қызметшілер қатарында Қазақстан чемпионатының жүлдегері болған
Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан сарбаздың бірі елімізге белгілі спортшы, самбо мен дзюдодан Қазақстан чемпионы, ТМД ойындарының күміс жүлдегері, халықаралық және республикалық турнирлердің жеңімпазы, спорт шебері атағына үміткер Сержан Аяпберген болды.
Ол екі аптадан кейін мерзімді әскери қызметін өтеп, үйіне оралатын еді. Сержан әскерге шақырылғанға дейін Ақтау қаласындағы «Жас Батыр» спорт мектебінде жаттыққан.
Осы мектептің бұрынғы директоры, қазір Маңғыстау облысының спорт басқармасының басшысы міндетін атқарып отырған Жомарт Қоблановтың айтуынша, ол Сержанды әкесі Талғат Аяпберген әкеліп, сеніп тапсырғаннан кейін жеті жасынан бастап жаттықтырған. Сержан спортқа өзінің ағасы – Мағжанның соңынан келді. Мағжан да Қазақстан чемпионы атанған. Ол спортпен айналысып жүргенде көптеген жарыстардың, соның ішінде халықаралық турнирлер мен жарыстардың жүлдегері болды. Әзербайжанда, Грузияда, сонымен бірге ел ішінде өткен республикалық додаларда жеңіске жеткен.
Колледжді бітіргеннен кейін Сержан Аяпберген Отан алдында әскери борышын өтеу үшін мерзімді әскери қызметке шақырылған. Бір жыл бұрын оның ағасы Мағжан да әскери қызметін аяқтап, елге оралған.
Жомарт Қоблановтың өзі де самбошы, дзюдошы, 24 жасында алғаш рет дэюдодан халықаралық дәрежедегі төреші атағын алған білікті маман. Ол Сержанға ерекше бауыр басып қалғанын да жасырмайды.
Ол маған туған баламдай болып кеткен еді. Бала кезінен жанымда болды. Үйіме де жиі қонаққа келетін. Ата-анасын жақсы білемін, көп араластық, – деді ол.
Сержан әскери қызметтен оралғаннан кейінгі алдына үлкен мақсат қойған екен.
Онымен шамамен бір апта бұрын, нақтырақ айтсам, бес күндей бұрын сөйлескен едім. Сержан әскерден босаған соң міндетті түрде жаттығуын жалғастырып, жарыстарға қатысатынын айтты. Біздің спорт мектебіне жұмысқа орналасқысы келетінін де айтқан, – деді Жомарт Қобланов.
Биыл ақпан айында Сержан Аяпберген 20 жасқа толған еді. Әскери қызметін аяқтап, елге оралуына бар болғаны екі апта қалған.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілер қаза тапқан болатын. Қорғаныс министрлігі кейін қаза болған 12 әскери қызметшінің аты-жөнін жариялады. Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Қазақстанда 25 қыркүйек Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Тағы оқи отырыңыз:
Қазақстанға халықаралық қолдау: Каспийдегі қазаға байланысты Тоқаевқа шетел басшылары көңіл айтты
«Қош болыңдар, бауырларым»: Димаш Құдайберген қаза болған сарбаздардың отбасыларына көңіл айтты
Әскери қызметшілердің қазасы: Бірқатар лауазымды тұлға салғырттық танытты деген күдікке ілінді