«Қайтыс болғанын білген соң»: Атыраудағы қанды қылмысқа қатысты адам шошытатын деректер шықты
Тергеу мәліметінше, айыпталушы марқұмның телефоны арқылы оның атына 4 миллион теңгеден астам несие рәсімдеген.
Атырауда қайынжұртын қырып салды деп күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісінде адам шошытатын жайттар белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Наурыз Мұқанғалиев (күдіктінің балдызы - ред.) қайтыс болғаннан кейін айыпталушы марқұмның атына бірнеше несие рәсімдеп, кейін ақшаны түрлі ЖШС мен жеке кәсіпкерлер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған.
Іс материалдарына сүйенсек, 2025 жылғы 15 мамыр күні шамамен сағат 15:29-да Сәрсемәлиев Мұқанғалиевтің қайтыс болғанына көз жеткізгеннен кейін оның телефоны мен банк аккаунтын ақша алу үшін пайдалануға шешім қабылдаған.
Тергеу мәліметінше, айыпталушы бұған дейін Наурыз Мұқанғалиев енгізген Kaspi.kz қосымшасының құпиясөздерін аңдып көріп, жаттап алған. Марқұмға тиесілі Samsung A25 телефоны арқылы қосымшаға кіріп, тауарлық несиелер рәсімдей бастаған.
Тергеу деректеріне сәйкес, қаза тапқан азаматтың атына мынадай несиелер рәсімделген:
- 15 мамырда – 1 698 590 теңге;
- 19 мамырда – 150 000 теңге;
- 21 мамырда – 999 980 теңге;
- 21 мамырда – 1 200 000 теңге.
Жалпы несие көлемі 4 048 570 теңгені құраған.
Тергеушілердің пайымынша, Сәрсемәлиев аккаунт иесі қайтыс болғаннан кейін несие міндеттемелері жойылады деп есептеген.
Кейін айыптау тарабының нұсқасы бойынша, ақша үш ЖШС мен бір жеке кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, жеке қажетіне жұмсалған.
Қазір Сұлтан Сәрсемәлиевке адам өлтіру, ұрлық, алаяқтық және жеке құжаттарды заңсыз иемдену секілді бірнеше ауыр бап бойынша айып тағылып отыр.
Еске салайық, Атырау қаласында елді дүр сілкіндірген қанды қылмысқа қатысты соттың алғашқы отырысы кеше, 18 мамырда өтті.
Сотта қанды қылмыс құрбандарының туыстары алғаш рет мәлімдеме жасады.
Сондай-ақ, қаза тапқан отбасының күйеу баласы өз кінәсін толық мойындап, қандай жаза болса да дайын екенін айтқан еді.