16 Қазан 2026, 17:26 Фото: pexels.com

Қай балықтан қауіпті паразит жұғуы мүмкін? Мамандар ескерту жасады

Описторхоз көбіне тұқы тұқымдас балықтар арқылы жұғады. Мамандар балықты дұрыс пісіріп, шикідей тұтынбауға кеңес береді.

Балықты шикі немесе шала піскен күйінде жеу адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Әсіресе тұщы суда тіршілік ететін кейбір балықтар арқылы описторхоз ауруын жұқтыру қаупі бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл туралы Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева мәлімдеді.

Маманның айтуынша, балық құнарлы тағам болғанымен, оны дұрыс дайындамаған жағдайда паразиттік аурулардың көзіне айналуы мүмкін. Соның бірі – бауырдың өт жолдарын зақымдайтын описторхоз. Ауру адамға құрамында паразит дернәсілдері бар балықты жеткілікті өңдемей жеген кезде жұғады.

Қандай балықтардан сақ болған жөн?

Айгүл Шағалтаеваның пайымдауынша, описторхоз қоздырғышының дернәсілдері көбіне тұщы суда мекендейтін тұқы тұқымдас балықтарда кездеседі.

Олардың қатарына табан, сазан, тұқы, мөңке, оңғақ, торта, сондай-ақ язь, елец, чебак, вобла және красноперка жатады. Бірақ бұл аталған балықтардың барлығы паразит жұқтырған деген сөз емес. Қауіп балықтың қай су айдынынан ауланғанына және сол жерде паразиттің таралу деңгейіне байланысты. Ең бастысы, залалданған балықты сыртқы түріне, иісіне немесе дәміне қарап ажырату мүмкін емес. Оны тек зертханалық зерттеу арқылы анықтауға болады, – деп түсіндірді департамент басшысы.

Балықты қанша уақыт пісіру керек?

Маман балықтан паразит жұқтырудың алдын алудың ең сенімді жолы оны әбден пісіру екенін атап өтті. Әсіресе ірі балықты тұтас дайындамай, ұсақ бөліктерге бөлген дұрыс.

Балықты бөліктерге бөліп, су қайта қайнағаннан кейін кемінде 20 минут қайнату қажет. Ал қуыратын болсаңыз, шағын бөліктерін қақпағы жабық табада кемінде 20 минут ұстаған жөн. Міндетті түрде балықтың ішіне дейін толық піскеніне көз жеткізу керек. Өйткені сырты қызарғанымен, іші шикі қалып қоюы мүмкін, – деді Айгүл Шағалтаева.

Оның айтуынша, балықтың қалыңдығы мен дайындау тәсіліне қарай пісіру уақытын ұзарту қажет болуы мүмкін.

Тұздалған және мұздатылған балық қауіпсіз бе?

Департамент басшысы балықты тұздау, кептіру немесе мұздату паразиттерден толық қорғайды деген түсініктің қате екенін ескертті.

Аз тұздалған, маринадталған немесе салқын ысталған балықтың құрамында тірі паразит дернәсілдері сақталуы мүмкін. Сірке суын, лимон шырынын немесе түрлі дәмдеуіштерді қосу да оның қауіпсіздігіне кепілдік бермейді. Сондықтан үй жағдайында тұздау мен кептіруді толық пісірудің орнына қолдануға болмайды, – деді маман.

Ол мұздату кезінде де сақтық қажет екенін айтты. Паразиттердің жойылуы температура мен балықтың сол температурада қанша уақыт сақталғанына тікелей байланысты.

Балықтың қатып қалуы оның құрамындағы паразиттер толық жойылды дегенді білдірмейді. Тұрмыстық мұздатқышта бірнеше сағат немесе бір-екі күн сақталған балықты шикідей жеу қауіпті болуы мүмкін. Егер температуралық режимді нақты бақылау мүмкіндігі болмаса, балықты толық пісіріп жеген дұрыс, – деп ескертті Айгүл Шағалтаева.

Асүйде қандай сақтық шараларын ұстану қажет?

Маманның сөзінше, балықты дұрыс пісірумен қатар, оны тазалау және дайындау кезінде асүйдегі тазалыққа да ерекше көңіл бөлген жөн.

Шикі балыққа арналған пышақ пен кесу тақтайы бөлек болуы керек. Балықты өңдеп болғаннан кейін қолды, пайдаланылған құралдарды және жұмыс бетін мұқият жуу қажет. Шикі балықтың дайын тағамдарға тиюіне жол бермеңіз. Сондай-ақ балық фаршының дәмін шикідей татуға болмайды. Үй жануарларына да шикі балық пен оның ішкі мүшелерін бермеген дұрыс, – деді департамент басшысы.

Қандай белгілер байқалса, дәрігерге қаралу керек?

Айгүл Шағалтаева жеткілікті өңделмеген балықты жегеннен кейін денсаулық жағдайына назар аудару қажеттігін айтты.

Егер балық жегеннен кейін ішіңіз ауырса, жүрегіңіз айныса, дене қызуыңыз көтерілсе немесе теріңіз бен көзіңіз сарғайса, міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз. Қандай балық жегеніңізді де дәрігерге айтуды ұмытпаңыз. Описторхоз кейде ешқандай белгісіз өтуі мүмкін. Сондықтан ауру жұқтырдым деген күдік болса, өз бетіңізше дәрі қабылдамай, тексерілу қажеттігін дәрігермен талқылаған жөн, – деді маман.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстауда ысталған балық жеген төрт адам жансақтау бөліміне түскені хабарланды. 

Өкінішке қарай, отбасының ысталған балықтан уланған 9 жастағы баласы қайтыс болды.