"Қасиетті кітап" емес: Салық кодексінде болуы мүмкін өзгерістер
Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексіне өзгерістер енгізу жайлы айтты. Президент бұл құжатты «қасиетті кітап» деп қарастыруға болмайтынын атап өтіп, қоғам мен бизнес тарапынан айтылатын конструктивті ұсыныстар негізінде оған түзетулер енгізуге болатынын жеткізді. Кодекстің қай жерлері өзгеруі мүмкін? Оған қанша уақыт керек? BAQ.KZ тілшісі зерделеп көрді.
Президент неге бұл мәселені көтерді?
Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, Мемлекет басшысының мұндай мәлімдеме жасауына нақты себептер бар. Оның сөзінше, жаңа Салық кодексі 2026 жылдан бастап қолданысқа енгенімен, кейбір нормалар қазірдің өзінде қоғам мен бизнес өкілдерінің қызу талқысына түсіп отыр.
Сарапшы Президент ең алдымен қоғам алдындағы сенімді арттыруды көздегенін айтады. Өйткені Салық кодексіне қатысты сын-пікірлер мен ұсыныстардың бар екені, сондай-ақ бұл нормалардың кейбір топтар үшін белгілі бір ауыртпашылықтар тудырып отырғаны жасырын емес.
Президент бұл мәселені ашық айтып, талқылауға дайын екенін білдірді. Бұл – биліктің қоғаммен диалогқа ашық екенін көрсететін маңызды дабыл, – дейді Бауыржан Ысқақов.
Қай салаларға әсер етуі мүмкін?
Экономистің айтуынша, әлеуметтік-экономикалық салмақты теңестіру үшін салық өзгерістері кейбір нарық секторларына әсер етуі мүмкін. Бұл ретте ең алдымен қосымша құн салығы мен арнаулы салық режимдері сөз болып отыр.
Сарапшы осы орайда екі тұжырымға тоқталды.
Бірінші тұжырым: Жаңа Кодекстің мазмұны.
Оның пайымдауынша, жаңа Салық кодексіне бұған дейін қол қойылған өзгерістердің басты бағыты – салық әкімшілігін жеңілдету мен оңайлату.
Салық есептілігінің көлемі 30 пайызға қысқартылды, ал салық түрлері 20 пайызға азайды. Соның нәтижесінде жүйе бұрынғыдан да қарапайым бола түсті.
Екінші тұжырым: Қосылған құн салығының 12 пайыздан 16 пайызға өсуі. Алайда кейбір тауарлар мен қызметтер үшін төмендетілген немесе ерекше режимдер қарастырылған.
Арнайы салық режимдері де қысқартылды. Дегенмен олардың ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, оңайлатылған декларация тапсыратындарға және фермерлерге арналған жүйелер сақталып отыр, – дейді экономист.
Бұл өзгерістер бизнес пен жеке тұлғалар үшін жекелеген тәртіптер енгізіп отыр. Сонымен қатар белгілі бір секторларға қосымша талаптардың қойылуы да әбден мүмкін.
Қандай өзгерістер қайта қаралуы мүмкін?
Экономист болашақта түзетілуі ықтимал бірнеше бағытты атап өтті. Ең алдымен бұл – қосымша құн салығына қатысты мәселе.
ҚҚС мөлшерлемесінің 16 пайызға өсуіне әсіресе шағын және орта бизнес тарапынан сын көп. Сондықтан қолданыстағы мөлшерлеме немесе жеңілдіктер қайта қаралуы мүмкін, – дейді Бауыржан Ысқақов.
Тағы бір маңызды бағыт – арнаулы салық режимдері. Кәсіпкерлер бұл режимдердің есептелу тәртібі мен ерекшеліктерін одан әрі икемдеуді жиі көтеріп келеді. Сарапшы бұл мәселе Президент тапсырмасына сәйкес қарастырылып жатыр деп отыр.
Сонымен қатар салықтық әкімшілендіру де өтпелі кезеңдер қатарына жатады. Мысалы, арнаулы режимдерге көшу кезеңдері де қоғам талқылауына түскен. Бұл да ықтимал түзетілетін бағыттардың бірі.
Өзгерістерге қанша уақыт керек?
Бауыржан Ысқақов ресми процесс бірнеше кезеңнен тұратынын алға тартты.
Ресми процесс әлі де бірнеше кезеңнен тұрады.
1) Ұлттық құрылтайда тапсырма берілді.
2) Үкіметтің ұсыныстарды жинауы. Қоғам, бизнес пен сарапшылардың ұсыныстарын қарастыру.
Әдетте бұл бірнеше аптадан бір-екі айға дейін созылуы мүмкін. Парламентке енгізу және заң жобасын әзірлеу, жаңа түзетулер мен заң жобасы ретінде Сенаттан өтеді. Кейде заң жобасы 2-3 оқылымнан тұруы мүмкін. Президенттің қол қойып, қолданысқа енгізілуі – соңғы кезеңі. Жалпы, саяси және экономикалық пакеттер бойынша түзетулер әдетте 4-5 ай уақытты алса, кейбір күрделі түзетулер үшін 6 айға дейін созылуы ықтимал. Осыған байланысты өзгерістердің толық күшіне енуі 2026 жылдың ортасынан немесе келесі жылдың, яғни 2027 жылдың басына дейін жетуі мүмкін.
Салық кодексіне өзгертулердің қажеттілігі қалыпты процесс. Әсіресе жаңа жүйенің алғашқы жылында қоғам мен бизнес тарапынан реакция болса, Кодекске практикалық түзетулер жасау – заң шығарудың тиімді тәжірибесі. Бұл – экономикалық ахуалды тұрақтандыру мен бизнес-қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өте маңызды, - дейді ол.
Экономистің пікірінше, Салық кодексіне өзгерістер енгізу – қалыпты әрі заңды процесс. Әсіресе жаңа жүйенің алғашқы жылында қоғам мен бизнес тарапынан реакция болса, практикалық түзетулер жасау – тиімді заң шығару тәжірибесі.
Бұл экономикалық ахуалды тұрақтандыруға, бизнес үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға және салық жүктемесін теңестіруге мүмкіндік береді. Әлеуметтік тұрғыдан алғанда да салық жүйесінің әділдігі халықтың табыс деңгейіне тікелей әсер етеді, – дейді Бауыржан Ысқақов.
Осы тұрғыдан алғанда Ұлттық құрылтайда Президент халықтың сөзін де, бизнестің ұсынысын да жеткізіп, ашық талқылауға жол ашты.