28 Тамыз 2026, 19:47
Фото: Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті
Қарағанды тұрғыны 35 жыртқыш құсты заңсыз ұстаған
Қарағандыда 35 жыртқыш құсты заңсыз сақтаған азаматқа үкім шықты.
Қарағандыда бірнеше жыл бойы сирек кездесетін жыртқыш құстарды заңсыз сатып алып, асырап келген ер адамға қатысты үкім шығарылды. Ол ителгі, лашын және бүркіттер сияқты 35 құсты ұстаған.
Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотында жойылып кету қаупі бар сирек кездесетін жануарлар түрлерін заңсыз сатып алу және сақтау фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды.
Құстарға Instagram парақша ашқан
2017 жылы ер адам Instagram әлеуметтік желісінде «tanat.falcons» парақшасын ашып, онда жыртқыш құстарды пайдалана отырып ұлттық аңшылыққа қатысты материалдарды, сондай-ақ оларды күтіп-баптау, ұстау және емдеу туралы ақпараттарды жариялаған.
2017 жылдан 2026 жылғы 5 ақпанға дейін сотталушы тиісті рұқсат құжаттарынсыз тергеу барысында анықталмаған тұлғалардан 35 жыртқыш құсты заңсыз сатып алған.
Қандай жыртқыш құстарды ұстаған?
Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, тәркіленген құстардың ішінде 31-і – ителгі, 1-еуі – сұңқар, 2-еуі – бүркіт және 1-еуі – қаршыға-тұйғын түріне жатады.
Сот отырысында сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты.
Сот қандай жаза тағайындады?
ҚК-нің 339-бабының 1-бөлігінің санкциясында жазаның баламалы түрлері, атап айтқанда, айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу не үш жылға дейін бас бостандығынан айыру, сондай-ақ белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаны міндетті түрде тағайындау көзделген.
Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының шын жүректен өкінуін, кінәсін толық мойындауын, сондай-ақ оның асырауында төрт кәмелетке толмаған баласының болуын жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот ер адамды кінәлі деп танып, оған 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады және сирек кездесетін, жойылып кету қаупі бар жануарлар түрлеріне, сондай-ақ аулауға тыйым салынған жануарларға қатысты қызметпен айналысу құқығынан 1 жыл мерзімге айырды, - деп хабарлады Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының баспасөз қызметі.
Алайда Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңы негізінде сотталған О. бас бостандығын шектеу түріндегі негізгі жазадан босатылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін «Бәйтерек» маңында атпен жүрген адам жауапқа тартылды.
Тағы оқи отырыңыз: