Қаламгерлер форумы Азия елдерінде тұрақты түрде өтуі қажет - Тоқаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азия елдері қаламгерлерінің І форумын ашты. Мемлекет басшысы өз сөзінде Азия әдебиетінің қарқынды дамып келе жатқанын айтты.

«Азия әдебиетінің өрісі айтарлықтай кеңейіп келеді. Шығыстан шыққан қаламгерлер күллі дүниені мойындатып отыр. Бұл ретте Азия әдебиетін әлемге әйгілеп, дәріптей түсу форумның тағы бір маңызды міндеті деп санаймын. Шығыс даналығының дәстүр сабақтастығы сіздердің туындыларыңыз арқылы жалғасын табады деп ойлаймын. Рухани кемелденуге ұмтылмай, өркендеу болмайды. Ондай дамудың ешқандай маңызы жоқ. Бұл ретте, сіздердің еңбектеріңіз Азияның ұлы мәдениетін жаңғырту ісіне елеулі үлес қосып келеді. Азия әдебиетін одан әрі дамыту үшін біз мынадай маңызды мәселелерге назар аударуымыз қажет. Алдымен, Азия қаламгерлері форумы шығармашылық қауымның маңызды диалог алаңына айналуы керек. Бұл маңызды шара Азия елдерінде тұрақты түрде өтуі қажет деп санаймын. Адамзатты толғандырған күрделі мәселелер дәл осындай алаңдарда ортаға салынуы тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Қазақстан президенті «қазақ әдебиеті - халқымыздың сан ғасырлық тарихымен біте қайнасқан асыл қазына» деген болатын. 
Сондай-ақ, Тоқаев «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындауды және электрондық кітапхана құруды ұсынды.
Мемлекет басшысы «ақын-жазушыларымыздың туындылары 2,5 млрд оқырманға тарайды» және «Азия қайта түлеп, қарқынды дамып келеді» деді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы