Пластикалық отадан зардап шексеңіз не істеу керек? – Заңгер қазақстандықтарға кеңес берді
Заңгер пластикалық операция алдында қандай құжаттарға назар аудару қажет екенін, сәтсіз отадан кейін құқықты қалай қорғау керегін және пациенттер жиі жіберетін қателіктер туралы айтып берді.
Пластикалық операция мен косметологиялық процедуралардың танымалдығы артқан сайын, сәтсіз отадан кейін құқықтық көмек іздейтіндер саны да көбейіп келеді. Заңгер Асқар Қаймақов BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында пластикалық ота алдында клиниканы қалай тексеру керек, қандай құжаттарға назар аудару қажет және асқыну болған жағдайда не істеу керек екенін түсіндірді.
Заңгердің айтуынша, ең алдымен клиниканың заңды қызмет ететініне көз жеткізу маңызды. Ол үшін медициналық мекеменің Бизнес-сәйкестендіру нөмірін (БСН) алып, мемлекеттік порталдар арқылы лицензияларын тексеру қажет.
Клиниканың қандай лицензиялары бар екенін тексеру керек. Сонымен қатар, операция жасайтын дәрігердің біліктілігін де анықтау маңызды. Клиникадан дәрігердің біліктілікті арттыру туралы дипломдарын, сертификаттарын, лицензияларын сұрауға болады. Егер бұл мәліметтерді жасырып жатса, ойлануға себеп бар, - деді Қаймақов.
Оның сөзінше, егер операция наркозбен жасалатын болса, анестезиолог маманның да кәсіби деңгейін тексеру қажет. Себебі ауыр асқынулар мен өлім жағдайлары көбіне наркозға байланысты туындап жатады.
Шартқа қол қоймас бұрын неге назар аудару керек?
Заңгер тәжірибеде көптеген клиника шарттарға заң талаптарына қайшы келетін тармақтарды енгізетінін айтты. Оның пікірінше, пациенттер құжаттарды асықпай оқып, өз мүддесіне сай келе ме, соны бағалауы керек.
Клиникалар кейде Азаматтық кодекс пен халық денсаулығы туралы кодекстің міндетті нормаларына қайшы келетін талаптарды енгізеді. Бірақ мұндай тармақтардың заңдық күші болмайды. Медициналық қызмет тұтынушыларының құқықтары жеткілікті деңгейде қорғалған, - деді заңгер.
Сонымен қатар ол дәрігердің кәсіби біліктілігін толық тексеру қиын екенін мойындады. Өйткені құжаттарының болуы әрдайым сапалы маман екенін білдірмейді.
Қаймақовтың айтуынша, күмән туған жағдайда Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне жазбаша түрде жүгінген дұрыс. Бұл орган тексеру жүргізіп, медициналық қателіктер бар-жоғын анықтай алады.
Операциядан кейін асқыну болса не істеу керек?
Заңгер пластикалық отаның нәтижесі күткендей болмаған жағдайлардың әрқайсысы жеке қаралатынын айтты. Оның сөзінше, мұндай даулардың көбі субъективті бағалауға тіреледі.
Ал егер денсаулыққа нақты зиян келсе немесе асқыну туындаса, ол мұндай істерді өз бетінше жүргізуге кеңес бермейді.
Медициналық процестер – өте күрделі істер. Адвокатсыз немесе осы салада тәжірибесі бар заңгерсіз өз бетімен әрекет етуге кеңес бермеймін, - деді ол.
Қаймақов қазіргі таңда көптеген заңгер мен адвокат мұндай істерде тегін немесе нәтижеге байланысты гонорар жүйесімен жұмыс істейтінін айтты. Оның сөзінше, мұндай дауларда бір немесе екі сот-медициналық сараптама тағайындалуы мүмкін, сондай-ақ мемлекеттік тексерулер де жүргізіледі.
Қандай дәлелдерді жинау қажет?
Заңгердің айтуынша, әр жағдай жеке қаралғанымен, негізгі дәлелдерді мүмкіндігінше ерте жинау маңызды.
Хат-хабарламаларды сақтау керек, аудиожазбаларды жоғалтпау керек, міндетті түрде фотоға түсіру қажет. Егер жағдай күрт нашарласа, жедел жәрдем шақырып, оның құжаттарын рәсімдеткен дұрыс, - деді ол.
Сонымен қатар, ол ең алдымен білікті заңгерге жүгінуге кеңес берді.
Пластикалық оталардан кейін қандай жағдайлар жиі кездеседі?
Қаймақов мұндай істер олардың тәжірибесінде жиі кездесетінін айтты. Оның сөзінше, пластикалық операциялар мен косметологиялық процедуралардан кейін ауыр зардаптарға әкелген жағдайлар аз емес.
Өліммен аяқталған істер де болды, дәрігерлердің салғырттығынан мүгедектікке әкелген жағдайлар да кездесті. Қазір тіпті стоматологиялық клиникаға қатысты іс қаралып жатыр. Қызға винир орнатқаннан кейін регламенттер бұзылып, нәтижесінде ол тіссіз қалған, - деді заңгер.
Ол сондай-ақ липосакциядан кейін май эмболиясы (қан тамырларына май бөлшектері түсіп, қан айналымын бітеп тастайтын қауіпті жағдай) жиі кездесетінін, кейбір жағдайларда оның өлімге де әкелетінін айтты.
Шетелде жасалған ота үшін қайда шағымдану керек?
Заңгердің айтуынша, егер операция шетелде жасалса, онда құқық қорғау органдарына немесе сотқа сол елде жүгінуге тура келеді.
Ал егер шетелдік маман Қазақстандағы клиникада жұмыс істеп, операция жасаған болса, онда қазақстандық органдарға жүгінуге болады.
Біздің тәжірибеде Ресей азаматы болған дәрігер Қазақстандағы клиникада операция жасап, оның салдарынан пациент мүгедек болып қалған жағдай болды. Мұндай кезде Қазақстан органдарына жүгіну қажет, - деді ол.
Мемлекеттік бақылау жеткілікті ме?
Асқар Қаймақов пластикалық хирургия мен косметология саласында бақылау бар екенін, бірақ оны жеткіліксіз деп санайтынын айтты. Оның сөзінше, жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізілгенімен, бұл салада бақылауды күшейту қажет.
Бақылау бар, бірақ менің ойымша, дәл пластикалық хирургия мен косметология саласында ол жеткілікті деңгейде қатаң емес, - деп түйіндеді заңгер.
Еске салайық, мамырда алматылық блогер әрі кәсіпкер Сәуле Ермаханова пластикалық ота жасатқаннан кейін қайтыс болғаны хабарланды.
Артынша блогер қайтыс болған клиникаға арнайы комиссия мен тәуелсіз сарапшылар жіберілген. Сонымен қатар, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Премьер-министр Олжас Бектенов пен Бас прокурор Берік Асылов атына депутаттық сауал жолдап, пластикалық хирургия және эстетикалық медицина саласындағы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, пластикалық хирургия клиникаларын жаппай тексеруді талап етті.
Сондай-ақ, Ақтауда пластикалық операциядан кейін депутат көз жұмды. 49 жастағы Ербол Айтуов иек тұсына липосакция жасату үшін «Қасиет» жекеменшік клиникасына жүгінген. Алайда операцияға дайындық кезінде, наркоз енгізу сәтінде науқастың жағдайы күрт нашарлаған.
Тағы оқи отырыңыз: Миллиардтар айналған "ажал нарығы": Пластикалық хирургия кімнің бақылауында?