Петропавлда жүріп келе жатқан көліктен секіріп кеткен қызды басқа көлік қағып кетті
Әлеуметтік желіде қызды ұрып-соғып, жолға лақтырып жібергені туралы ақпарат тарады. Алайда полиция тексерісі оқиғаның мүлде басқа болғанын көрсетті.
Петропавлда 22 жастағы қыз жүріп келе жатқан көліктен секіріп кетіп, басқа автомобильдің астына түсті. Әлеуметтік желіде тараған оны ұрып-соғып, жолға лақтырып жіберген деген ақпарат расталмады. СҚО Полиция департаменті BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабында оқиғаның мән-жайын хабарлады.
Оқиға 18 қазан күні кешкі уақытта Петропавл қаласындағы Қараванная және Украинская көшелерінің қиылысында болған. Сағат 23:35 шамасында Volkswagen автокөлігінің 69 жастағы жүргізушісі жолда келе жатқан 22 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
Зардап шеккен қыз ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оған медициналық көмек көрсеткеннен кейін үйіне жіберген. Ауруханаға жатқызу қажет болмаған.
Қыз не себепті жүріп келе жатқан көліктен секіріп кетті?
Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде қызды басқа көлікте ұрып-соғып, жолға лақтырып жібергені туралы ақпарат тараған. Алайда полиция бұл нұсқаны тексеріп, мәліметтердің расталмағанын анықтаған.
Полиция анықтаған мәліметтерге сәйкес, 22 жастағы қыз Семей қаласынан Петропавлға танысына қонаққа келген. Жастар қала ішінде көлікпен серуендеп жүрген кезде, рөлде отырған жігіт қызды сүймек болған.
Алайда қыз оны итеріп жіберген. Ақпаратта оның алдыңғы тістері жоқ болғандықтан қысылғанын айтып, сүйісуден бас тартқаны көрсетілген.
Осыдан кейін қыз көліктің есігін ашып, жүріп келе жатқан автомобильден секіріп кеткен. Дәл сол сәтте жолмен келе жатқан Volkswagen оны қағып кеткен.
Жүргізуші мас болмаған
СҚО Полиция департаментінің мәліметінше, қызды қағып кеткен Volkswagen автокөлігінің 69 жастағы жүргізушісі сау болған. Автомобиль арнайы тұраққа қойылған.
Қазіргі уақытта полиция оқиға бойынша тексеру жүргізіп, жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Зардап шеккен қыз полицияға арыз жазудан бас тартқан. Кейін ол Петропавл қаласынан кетіп қалған.
Полиция өкілдері жаяу жүргіншілерді жолды тек белгіленген өткелдер арқылы кесіп өтіп, алдымен қауіпсіздікке көз жеткізуге шақырады. Ал жүргізушілерге жылдамдық режимін сақтап, жолда, әсіресе жаяу жүргіншілер өткелдеріне жақындағанда мұқият болу қажеттігін ескертеді.
Тағы оқи отырыңыз: Әсерлі видео үшін жүріп бара жатқан көлік төбесіне шыққан: Түркістан облысында екі азамат жауапқа тартылды
Онлайн саудадағы тұзақ: WhatsApp-тағы сатушыға сенген ақтөбеліктер қомақты қаржысынан айырылды
Ақшасын аударған соң бұғаттап тастаған: Астанада концертке жалған билет сатқан ер адам сотталды