28 Тамыз 2026, 15:09 Фото: gov.kz

Петропавл емханасында пациент дәрігерді ұрды

Петропавлда науқас пен дәрігер арасындағы жанжал қылмыстық іске ұласты

Петропавл қаласындағы емхана дәлізінде таңғы қабылдау жанжалмен аяқталды. СҚО ПД баспасөз қызметі BAQ.KZ сауалына қатысты жауап жолдап, осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады.

Полиция мәліметінше, дәрігер мен науқас арасындағы жанжал емхана дәлізінде күш қолдануға ұласқан.

«17 тамыз күні таңертең қабылдауға келген 51 жастағы қала тұрғыны дәрігермен сөйлескен. Әңгіме барысында дау туындаған. Полицияға түскен арызға сәйкес, медицина қызметкерінің ескертуіне ер адам агрессивті жауап беріп, оның бетіне соққы жасаған», - деп жазылған СҚО ПД хабарламасында. 

Полиция қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкеріне өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

«Бұл өңірде медицина қызметкеріне күш қолдануға қатысты тіркелген екінші жағдай. Маусым айында Шал ақын ауданында жол-көлік оқиғасынан кейін көмек көрсетіп жатқан медицина қызметкеріне мас күйдегі ер адам күш қолданған. Сот оны 1,5 жылға бас бостандығынан айырды», - деді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметов.

Полиция ескертеді

Биыл Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 380-3-бап енгізілді. Онда медицина қызметкеріне немесе жедел медициналық жәрдем көлігінің жүргізушісіне қатысты қорқыту немесе күш қолданғаны үшін жауапкершілік көзделген. Енді медициналық көмек көрсетіп жүрген адамдарға қатысты агрессивті әрекет қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында жанжалдан кейін ер адамды пышақтап кетті

Тағы оқи отырыңыз: 

Алматыда ер адам танысының мойнына пышақ сұғып алды

Алматыда екі жасар баланың анасы дәрігерге қол көтерді

Анасын пышақтап, Вьетнамға қашып кеткен: Күдікті Қазақстанға жеткізілді