Бүгiн 2026, 13:54 Фото: t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитовқа жаңа атақ берілді

Туризм және спорт министрі спортшымен және оның бапкерлерімен кездесіп, тиісті құжатты салтанатты түрде табыстады.

Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» атағына ие болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов спортшымен және оның бапкерлерімен кездесіп, тиісті құжатты салтанатты түрде табыстады.

Аталған марапат отандық спортты дамытуға қосқан елеулі үлесі мен халықаралық жарыстардағы жоғары нәтижелері үшін берілді.

Екі медаль иеленген жалғыз параспортшы

Ербол Хамитов бір Паралимпиадада бірден екі медаль жеңіп алған жалғыз қазақстандық параспортшы атанды. Ол пара шаңғы жарысы мен пара биатлонда жоғары нәтиже көрсетті.

Италияда өткен XIV қысқы Паралимпиада ойындарында спортшы пара биатлоннан алтын медаль, ал пара шаңғы жарысынан қола медаль иеленді.

Сонымен қатар, ол пара биатлон бойынша Әлем кубогының жалпы есебінде жеңіске жетіп, Қазақстан тарихында алғаш рет Хрусталь глобустың иегері атанды.

Бапкерлері де марапатталды

Спортшының бапкерлері – Аслан Токбаев, Василий Коломиец және Антон Жданович те Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Ербол Хамитовты III дәрежелі «Барыс» орденімен наградтаған болатын. Оның бапкерлері де мемлекеттік марапаттарға ие болды.

Параспорт дамуы қарқын алып келеді

Министр спортшылар мен мамандарды қолдаудың маңызын атап өтіп, олардың жетістіктері елдің халықаралық беделін нығайтатынын жеткізді.

Қазіргі таңда Қазақстанда параспорттың 19 түрі дамып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 66 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат спортпен жүйелі түрде айналысады.

Елімізде арнайы дайындық орталықтары, спорт клубтары мен мектептер жұмыс істейді.

Айта кетейік, бұған дейін Ербол Хамитов пара биатлоннан 4,5 км із қуу жарысында тарихи алтын медаль жеңіп алған болатын. Сонымен қатар, пара шаңғы жарысынан 1500 м классикалық спринтте қола жүлдегер атанды. Одан кейін Президент Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитовты құттықтады

17 наурызда Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов елге оралды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитовты марапаттады.