Бүгiн 2026, 13:01 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Мәйіт аулада 8 ай бойы көміліп жатқан: Атыраудағы сотта жаңа деректер әшкере болды

Тергеу дерегінше, мәйіт ұзақ уақыт бойы жерде жатқан.

Атырауда бір отбасының төрт мүшесінің өліміне қатысты резонансты іс бойынша сот процесінің екінші отырысы өтуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Марқұм болған отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айыпталып отыр.

Сот барысында мемлекеттік айыптаушы Мирас Бауыржанов айыптау актісін оқып, қылмыстың бір эпизодын жария етті. Тергеу нұсқасына сәйкес, Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның әйелінің ағасы Наурыз Мұқанғалиев арасында Атырау маңындағы жалдамалы үйде жанжал шыққан.

Айыптау актісінде көрсетілгендей, жанжал кезінде Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиевке пышақ жарақатын салған. Кейін мәйітті үй ауласында қазылған шұңқырға көміп, қылмыстың ізін жасыруға әрекет жасаған.

Тергеу дерегінше, мәйіт ұзақ уақыт бойы жерде жатқан. Марқұмның денесі қылмыстан кейін шамамен 6-8 ай өткен соң ғана табылды.

Прокурор сот отырысында істің мән-жайын баяндау кезінде куәгерлер болмас үшін мәйітті жасыру үшін күннің батқанын күткенін мәлімдеді.

Сәрсемалиев күрек алып, жалдап тұрған үйінің ауласының оңтүстік бөлігінен шұңқыр қазып бастаған. Куәгерлер болмас үшін ол бұл әрекетін түн ортасында жасауды ұйғарған. Ал мәйітті ғимарат қабырғасының іргетасынан 60 сантиметр қашықтықта жерлеген. Түнгі сағат үшке қарай күдікті тереңдігі шамамен бір метр, ені 80 сантиметр болатын көр қазып біткен, - деді прокурор

Сонымен қатар айыптау тарапы Сұлтан Сәрсемәлиевтің Наурыз Мұқанғалиевтің атынан 4 миллион теңге көлемінде несие рәсімдегенін мәлімдеді.

Ал жауап алу кезінде айыпталушы Сұлтан Сәрсемалиев кінәсін ішінара мойындады. Ол Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтірген деген айыппен келіспейтінін айтып, оның өлімі «абайсызда» болғанын, өзін қорғау үшін әрекет еткенін жеткізді.

Айта кетейік, қылмыстық іс аясында бір отбасының төрт мүшесінің әртүрлі уақытта қаза тапқаны айтылып отыр. Іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.

Еске салайық, Атырау қаласында елді дүр сілкіндірген қанды қылмысқа қатысты соттың алғашқы отырысы 18 мамырда өтті.

Сотта қанды қылмыс құрбандарының туыстары алғаш рет мәлімдеме жасады.

Сондай-ақ, қаза тапқан отбасының күйеу баласы өз кінәсін толық мойындап, қандай жаза болса да дайын екенін айтқан еді.