Өзбекстанда жұмыстағы зорлық-зомбылық пен қысымға қарсы шағымдану порталы іске қосылады
Өзбекстанда мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметкерлері жұмыс орнындағы қысым мен зорлық-зомбылық жағдайлары туралы хабарлай алатын портал 1 желтоқсанға дейін іске қосылады. Құқықбұзушылық белгілері бар өтініштер уәкілетті органдарға жіберіледі.
Президент жарлығына сәйкес, Өзбекстанда қысым, зорлық-зомбылық және мазалау туралы онлайн шағым беру тетігін көздейтін қауіпсіз жұмыс ортасын қамтамасыз ету бағдарламасы кезең-кезеңімен енгізіледі.
Құжатқа сәйкес, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда, мемлекеттік үлесі 50 пайыз және одан жоғары заңды тұлғаларда, сондай-ақ меншік нысанына қарамастан басқа да кәсіпорындарда, ұйымдар мен мекемелерде «Қауіпсіз және сыйластыққа негізделген жұмыс ортасын қамтамасыз еті» бағдарламасы кезең-кезеңімен енгізілетін болады.
Осы жылдың 1 желтоқсанына дейін мемлекеттік органдар мен ұйымдар үшін президент жанындағы Басқару тиімділігі агенттігінің ақпараттық жүйелерінде «Қауіпсіз және сыйластыққа негізделген жұмыс ортасы» ақпараттық порталы іске қосылады.
Портал арқылы жұмыс орнындағы қысым мен зорлық-зомбылық жағдайлары туралы онлайн режимде өтініштер беруге болады.
Егер өтініш порталмен жұмыс істеуге жауапты қызметкерге, оның тікелей басшысына немесе мемлекеттік органның не ұйымның лауазымды тұлғаларына қатысты болса, ол автоматты түрде жоғары тұрған инстанцияға жіберіледі.
Сондай-ақ портал арқылы өтініштерді тексеру, дәлелдемелер жинау, қорытындылар дайындау, ақпарат алмасу және коммуникация жүргізіледі.
Жүргізілген тексерулер, олардың нәтижелері, қабылданған шаралар мен кейінгі өзгерістер туралы деректер жүйеде сақталады. Оларды жоюға жол берілмейді.
Егер қысым немесе зорлық-зомбылық туралы өтініште әкімшілік құқықбұзушылық немесе қылмыс белгілері анықталса, материалдар уәкілетті органдарға жолданады.
Басқару тиімділігі агенттігі сондай-ақ портал арқылы жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдарға анықталған бұзушылықтарды жою туралы міндетті түрде қарауға жататын ұсынулар енгізу құқығына ие болады.
Еске салайық, бұған дейін Өзбекстанда зейнеткерлік жасты кезең-кезеңмен көтеру ұсынылды.
Тағы оқи отырыңыз:
Қазақстан мен Өзбекстан транзитті жеңілдетуге келісті