9 Қыркүйек 2026, 17:03 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Өзбекстан екінші АЭС салуды Қытайға сеніп тапсырды

Өзбекстан екінші АЭС-ті Қытайға салғызатын болды

Өзбекстан Ресей мен Қытайдың қатысуымен екі АЭС салуға дайындалып жатыр. Бұл болашақтағы дата-орталықтарды, электрмобильдер мен жасанды интеллект технологияларын энергиямен қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ Gazeta.uz сайтына сілтеме жасап.

Екі атом жобасы туралы Шавкат Мирзиёев Сербия президенті Александр Вучичпен жеке әңгімесінде айтып берді. Бұл туралы Сербия көшбасшысы 8 қыркүйекте Белградта өткен бизнес-форумда бөлісті.

Бірінші АЭС-ті Ресей, екіншісін Қытай салып жатыр

Вучичтің айтуынша, Өзбекстан бірінші атом станциясын Ресеймен бірге салып жатса, екіншісін Қытаймен бірге тұрғызады. Бұл ретте Мирзиёев аталған жобалар аяқталғаннан кейін де атом энергетикасын дамытуды жалғастыруды көздеп отыр.

«Ол дата-орталықтар, инновациялар, жасанды интеллект пен электрмобильдер үшін электр энергиясы қажет болатынын біледі», – деді Вучич.

Бірінші атом электростанциясы Жизақ облысының Фариш ауданында салынып жатыр. Жоба әрқайсысы 1 ГВт қуат беретін екі реакторды және қуаты 55 МВт болатын екі шағын реакторды қамтиды. Бірінші шағын реакторды 2029 жылдың күзінде, үлкен қуат блогын 2033 жылы іске қосу жоспарланған. Жобаны толық аяқтау 2034-2035 жылдарға межеленген.

Өзбекстан билігі әзірге екінші станцияның орналасқан жері, құны, қуаты мен конфигурациясы туралы деректерді жариялаған жоқ. Қытайлық серіктес туралы да ресми ақпарат жарияланбады. Бұл уағдаластық туралы тек Вучич Мирзиёевтің сөзіне сілтеме жасап айтты.

Қазақстан да осындай схеманы таңдады

Қазақстанда да атом жобалары бойынша серіктестер осыған ұқсас бөлінді. «Балқаш» бірінші АЭС-ін ресейлік «Росатом» корпорациясы салса, ал екіншісін қытайлық CNNC салуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, 2060 жылға дейін Қазақстанда кемінде үш атом электр станциясы салынатыны хабарланды. 

Еске салайық, бұған дейін Өзбекстан екінші АЭС салуға дайындалып жатқаны айтылды.