26 Тамыз 2026, 12:10 Фото: ©BAQ.KZ /Артем Чурсинов

Оқу-ағарту министрі қазақстандық оқушылардың тарихи жетістігін атады

Қазақстандық бес оқушы халықаралық физика олимпиадасында түгел алтын алды

Қазақстандық оқушылар халықаралық білім додаларында жоғары нәтижелер көрсетіп жатыр. Бұл туралы Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтіп жатқан тамыз конференциясында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің сөзінше, білім саласына салынған инвестициялар нақты нәтижелер бере бастады. Биыл Қазақстан құрамасы физикадан 56-шы Халықаралық олимпиадада тарихи көрсеткішке қол жеткізді.

Қазақстан атынан олимпиадаға қатысқан бес оқушының барлығы алтын медаль иеленді. Бұл – еліміздің аталған олимпиадаға қатысу тарихындағы ең үздік нәтиже.

Бұл біздің елімізде баланың жетістігі бағаланатынын және мұғалім еңбегінің құрметтелетінін көрсетеді. Ал осы қолдаудың артында балаларымыздың нақты нәтижелері тұр, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Қазақстандық оқушылардың технология саласындағы жетістіктері де артып келеді. Министрдің айтуынша, әлемдік робототехника чемпионатында қазақстандық мектеп оқушылары 12 жүлде жеңіп алған.

Бұл нәтиже еліміздің инженерия және цифрлық технологиялар бағытындағы оқушылардың әлеуеті жоғары екенін көрсетті. Қазақстан халықаралық зияткерлік жарыстардың маңызды алаңына да айналып келеді. Биыл Астанада алғаш рет Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада ұйымдастырылып, оған 106 елден шамамен 500 қатысушы жиналды.

Олимпиадада қазақстандық оқушы абсолюттік есепте екінші орын иеленді. Министр бұл нәтижелер білім беру саласына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың нәтижесі екенін атап өтті.

Президенттің тапсырмасы бойынша дарынды жастарды одан әрі дамытуға арналған мүмкіндіктер кеңейтіліп, оның ішінде «Болашақ» стипендиясы арқылы білім алу мүмкіндіктері де қарастырылған.

Бүгін біздің оқушыларымыз әлемнің жетекші алаңдарында жоғары деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді, – деді министр.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, Оқу-ағарту министрлігінің келесі маңызды міндеті – жоғары сапалы білімді әр мектеп пен әр балаға қолжетімді ету.

Еске салсақ, бүгін Астанада педагогтердің дәстүрлі тамыз конференциясы өтіп жатыр. Биылғы жиын «Жаңа Конституция – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбына арналған. Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан конференцияға еліміздің өңірлерінен келген мұғалімдер, білім беру саласының мамандары мен сарапшылар қатысуда. Бұл дәстүрлі жиын биыл 600 маманның басын қосты.

Жиынның ашылуында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім саласындағы өзгерістер мен педагогтерді қолдауға бағытталған жұмыстар туралы айтты. Сөзінше, Қазақстанда мұғалімдердің жалақысына білім саласы қаржысының 65,9%-ы жұмсалады. Білім саласына бөлінетін қаржы үш еседен астам артты.

Сондай-ақ, мектепте өзгеріс болатыны хабарланды. Енді мұғалімдер аптасына 12 сағатқа дейін уақыт үнемдейді.

Тағы оқи отырыңыз:

Қазақстандық оқушы әлемнің үздік жас бағдарламашыларының бестігіне енді

15 жастағы қазақстандық теннисші Қырғызстанда өткен халықаралық турнирде жеңімпаз атанды