13 Қазан 2026, 09:11 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Онлайн бақылау, sms: Бүгіннен бастап қазақстандықтар жедел жәрдемнің қай жерде келе жатқанын көре алады 

13 қазаннан бастап Қазақстанда жедел медициналық көмек көрсету және медициналық авиация қызметінің жұмысына қатысты бірқатар өзгеріс қолданысқа енгізіледі. Жаңа тәртіп бойынша жедел жәрдемнің жолға шыққаны туралы науқасқа автоматты түрде хабарланады. Сондай-ақ көліктің қозғалысын онлайн бақылау және медицина қызметкерлерін бейнетіркегіштермен қамтамасыз ету қарастырылған. Дегенмен бұл жаңашылдықтардың еліміздің әр өңірінде нақты қай уақытта іске қосылатыны әзірге белгіленбеген.

Жедел жәрдемнің қайда келе жатқанын білуге болады

Жедел жәрдем шақырған адам бригаданың жолға шыққаны туралы автоматты хабарлама алуға тиіс. Бұдан бөлек, геосервистердің көмегімен медициналық көліктің қай жерде келе жатқанын және қалай қозғалып жатқанын нақты уақыт режимінде көруге мүмкіндік беріледі.

Медициналық көмекке мұқтаж азаматтар жедел жәрдемді 103 нөміріне қоңырау шалу арқылы шақыра алады. Бұған қоса, мобильді қосымшалар, мессенджерлер мен чат-боттарды пайдалануға болады. Бұл арналар арқылы науқастың орналасқан жерін геолокация көмегімен жіберу мүмкіндігі де қарастырылған.

Жаңа қызметтер барлық өңірде бір мезгілде іске қосыла ма, жоқ па – әзірге белгісіз. Олардың нақты жұмыс істей бастайтын уақыты бұйрықта көрсетілмеген.

Емханалардың мобильді бригадалары қандай шақыртуларға барады?

Өмір мен денсаулыққа тікелей немесе ықтимал қауіп төндірмейтін кейбір жағдайлар бойынша шақыртулар емханалардың мобильді бригадаларына беріледі. Бұл санатқа жедел сырқаттану және созылмалы аурулардың асқынуы жатады.

Мобильді бригадалар жұмыс күндері сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін науқастарға көмек көрсетеді. Оларға жіберілетін шақыртуларды тіркеу жұмыс күндері сағат 08:00-ден 19:00-ге дейін, ал сенбі күні сағат 08:00-ден 12:00-ге дейін жүргізіледі.

Емханалар жабылғаннан кейін мұндай шақыртуларды жедел жәрдем станциясының бригадалары қабылдайды. Ал мобильді бригадалар өздеріне бекітілген аумақта науқастың нақты қай жерде жүргеніне қарай көмек көрсетеді. Азаматтың қай емханаға тіркелгені бұл ретте маңызды емес.

Бригада шақырту орнына неше минутта жетуі керек?

Жедел жәрдемнің келу уақыты жағдайдың жеделдік санатына байланысты белгіленген. Қағидада мынадай мерзімдер көрсетілген:

* Бірінші санаттағы шақырту – 10 минутқа дейін;
* Екінші санат – 15 минутқа дейін;
* Үшінші санат – 30 минутқа дейін;
* Шұғыл жағдайлар – 60 минутқа дейін.

Бұл уақыт диспетчер шақыртуды медициналық бригадаға тапсырған сәттен бастап есептеледі.

Кейбір өмірге қауіпті жағдайларда дәрігерлер келгенге дейін диспетчер телефон арқылы алғашқы кеңес беруге тиіс. Мұндай жағдайлардың қатарына жүректің тоқтауы, тыныс алудың бұзылуы, есінен тану, қан кету, құрысу, жедел коронарлық синдром мен инсульт белгілері, сондай-ақ үй жағдайында босану жатады.

Медицина қызметкерлерінің жұмысы бейнежазбаға түсіріледі

Жаңа талаптар медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігіне де қатысты. Жедел жәрдем мен емханалардың бригадаларын рациялармен, тағылатын бейнетіркегіштермен және мобильді камералармен жабдықтау көзделген.

Бұл құрылғылар шақырту орнында және науқасты тасымалдау кезінде болған жағдайларды аудио және бейнежазбаға түсіруге арналған.

Егер медицина қызметкерлерінің өміріне немесе денсаулығына қауіп төнсе, шақыртуға қызмет көрсету ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысуымен жалғасады.

Қағидаларда ауруханаға жалғыз ата-ананың немесе баланың заңды өкілінің жатқызылуына байланысты жағдайлар да қамтылған. Егер осыған байланысты кәмелетке толмаған балалар қараусыз қалса, оларды ішкі істер органдарының қызметкерлеріне тапсырады. Бұдан кейін балалар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарға орналастырылады.

Жедел жәрдем қандай құжаттарды рәсімдемейді?

Жаңа қағидалар бойынша жедел жәрдем және алғашқы медициналық-санитариялық көмек бригадалары шақырту кезінде рецепт жазып бермейді. Сондай-ақ олар еңбекке уақытша жарамсыздық парағын рәсімдемейді.

Бұдан бөлек, медицина қызметкерлері алкогольдік немесе есірткілік масаң күйді анықтау үшін куәландыру жүргізбейді. Қайтыс болу фактісін куәландыру және өлім туралы қорытынды беру де олардың міндетіне кірмейді.

Айта кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай, әлемдегі алғашқы күн энергиясымен жұмыс істейтін жедел жәрдем көлігі Африкада сәтті сынақтан өтті.

Сондай-ақ, әлемде роботтарға арналған алғашқы жедел жәрдем пайда болғаны хабарланды.