"Өмірді сақтандыруға" сенгендер 620 млн теңгеден айырылды: Алматыда қаржы пирамидасы әшкереленді
270 жәбірленушіге 620 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген.
Қаржылық мониторинг агенттігі Алматы қаласы бойынша департаменті заңсыз инвестициялық қызмет саласындағы алаяқтық фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тергеу мәліметінше, 2013-2021 жылдар аралығында күдікті «Partners & Consultants» атты «Өмірді сақтандыру» жобасы арқылы азаматтарға өмірді сақтандыру бағдарламалары мен жинақтаушы сақтандыру салымдарына инвестиция салуды ұсынған. Осы сылтаумен ол адамдардың ақшасын иемдену схемасын ұйымдастырған.
Азаматтарды өзіне бағынысты заңды тұлғалардың есепшоттарына – Evroasia Global Investment АҚ және Evropa Investment ЖШС – қаражат аударуға үгіттеп, жылына 12%-ға дейін тұрақты табысқа кепілдік берген.
Жобаның сенімділігін көрсету үшін шын мәнінде жоқ халықаралық сақтандыру бағдарламалары мен сертификаттарына сілтемелер пайдаланылған. Қаражаттар қолма-қолсыз аударымдар арқылы қабылданып, кейін салымшыларға ұзақ мерзімді депозиттер мен инвестициялық міндеттемелер бар деген жалған әсер қалдыратын құжаттар берілген, - делінген ҚМА хабарламасында.
Нәтижесінде 270 жәбірленушіге 620 млн теңгеден астам материалдық залал келтірілген.
Тергеу барысында алынған қаражаттың күдікті тарапынан жылжымайтын және жылжымалы мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды. Аталған мүлікке қазіргі уақытта шектеу қойылған. Күдікті қамауға алынды.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.