"Өмір бойына сотталуы мүмкін": Депутат Атыраудағы қанды қылмысқа қатысты мәлімдеме жасады
Мәжіліс депутаты діни радикализм мәселесіне қатысты қатаң шешімдер қабылдау қажет екенін айтты.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Атырауда өтіп жатқан резонансты сот процесіне қатысты пікір білдіріп, айыпталушының кінәсіне күмән келтірмейтінін айтты. Оның сөзінше, бұл іс қоғамдағы діни радикализм мәселесін қайта көтеріп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, ол аталған оқиға қылмыс ретінде ресми тіркелмей тұрып-ақ бұл іске назар аударып жүрген.
Ең алғашқы болжамдар айтылған кезде, өзін Дубайдағы хакер ретінде таныстырған азамат күдіктінің (Сұлтан Сәрсемәлиев – ред.) осы қылмысқа қатысы болуы мүмкін екенін айтқан еді. Сол кезден бастап бұл істі бақылап келемін. Қазір негізгі қылмыс ашылды. Дәл сол азаматтың жасағанына қатысты менде ешқандай күмән жоқ. Ең ауыр жаза тағайындалатынына да күмәнім жоқ. Оның үстіне айыпталушының өзі де бұл әрекетті толық жоққа шығарып отырған жоқ, – деді Абзал Құспан.
Мәжіліс депутатының пікірінше, сот процесінің қорытындысы діни радикализм мәселесіне байланысты мемлекеттік деңгейде нақты әрі қатаң шешімдер қабылдауға түрткі болуы тиіс.
Бұл оқиға әлі ашылмай тұрып-ақ, жергілікті тұрғындар оның радикалды діни ағыммен байланысы болуы мүмкін екенін айтқан болатын. Сондықтан бұл мәселені назардан тыс қалдыруға болмайды. Радикализм көп жағдайда аса қатыгез әрекеттермен ұштасады. Қазіргі Таяу Шығыстағы жағдайдың өзі соған дәлел. Біз бұл мәселені біраз уақыттан бері көтеріп келеміз, – деді депутат.
Сонымен қатар Абзал Құспан әлеуметтік желілерде тараған күдіктінің өзге адамдардың атынан несие рәсімдеуі туралы ақпараттарға да тоқталды. Оның айтуынша, бұл мәселеге құқықтық баға беру үшін сот үкімі заңды күшіне енуі қажет.
Қазір тарап жатқан ақпараттардың барлығы тек жекелеген мәліметтер ғана. Біреудің атынан несие рәсімдеу үшін нотариалды сенімхат сияқты нақты құжаттар қажет. Егер мұндай құжаттардың болмағаны анықталса, онда бұл мәселе бойынша да тиісті құқықтық шаралар көтеріледі. Бірақ оған дейін сот барлық жайтты жан-жақты анықтауы керек, – деді ол.
Депутаттың сөзінше, айыпталушыға тағылып отырған баптар аса ауыр санатқа жатады.
Бұл – асқан қатыгездікпен екі немесе одан да көп адамды өлтіру бабымен қаралатын ауыр қылмыс. Мұндай жағдайда сот өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындай алады. Бірақ нақты шешімді сот қабылдайды, – деп түсіндірді Абзал Құспан.
Еске салайық, Атырау қаласында елді дүр сілкіндірген қанды қылмысқа қатысты соттың алғашқы отырысы кеше, 18 мамырда өтті.
Сотта қанды қылмыс құрбандарының туыстары алғаш рет мәлімдеме жасады.
Сондай-ақ, қаза тапқан отбасының күйеу баласы өз кінәсін толық мойындап, қандай жаза болса да дайын екенін айтқан еді.
Тағы оқи отырыңыз: «Қайтыс болғанын білген соң»: Атыраудағы қанды қылмысқа қатысты адам шошытатын деректер шықты