23 Тамыз 2026, 16:15 Фото: Алматы облысының ӨКҚ

Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасады

Құрылтай депутаттарын сайлауға белгілі қазақстандық спортшылар да қатысуда. Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров пен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов  Алматыда өз таңдауын жасап үлгерді.

2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының мәнерлеп сырғанаудан чемпионы Михаил Шайдоров Алматыдағы Самал-2 шағынауданында орналасқан №382 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Бұл жыл мәнерлеп сырғанаушының спорттық мансабында айрықша орын алды. Шайдоров Олимпиада алтынын жеңіп алып, Қазақстан атынан қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль иеленген алғашқы спортшы атанды. Осылайша, ол 32 жылдық үзілістен кейін еліміздің қоржынына қысқы Олимпиаданың алтын жүлдесін салды.

Өз таңдауын 28 жастағы Нариман Құрбанов та жасады. 2024 жылғы Олимпиада ойындарының спорттық гимнастикадан күміс жүлдегері Алматыдағы №229 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Спортшы үшін бұл сайлау учаскесі ерекше символдық мәнге ие. Өйткені ол Құрбановтың бала кезінде барған №80 балабақшасында орналасқан. Енді сайлаушы әрі Олимпиада жүлдегері ретінде осында қайта келген гимнаст өзіне таныс жерде тағы да болғанына қуанышты екенін айтты.

«Мен сайлаулар мен референдумдарға әрдайым қатысамын. Дайындық жиындарына немесе жарыстарға байланысты шетелде жиі жүрсем де, дауыс беруге мүмкіндік табуға тырысамын», – деді Нариман Құрбанов.

Бүгін спортшы сайлау учаскесіне халықаралық жарыстардың қатысушысы ретінде емес, Алматы тұрғындарының бірі ретінде келіп, дауыс беріп, өз таңдауын жасады.

№382 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Эльмира Бектұрғанқызы Атханова Олимпиада чемпионының халықаралық байқаушылармен кездесуі күннің есте қаларлық сәттерінің бірі болғанын атап өтті.

«Жуырда ғана күллі ел Олимпиада ойындарында Михаил Шайдоровқа жанкүйер болып, оның жеңісіне орай Қазақстан туының көкке көтерілгенін зор мақтанышпен тамашалады. Ал бүгін Михаил біздің сайлау учаскемізге сайлаушы ретінде келіп, өз таңдауын жасады. Оның Латвиядан келген халықаралық байқаушылардың бірден назарына ілінгені де ерекше символдық мәнге ие. Олар Михаилдің өнер көрсетуін тамашалап, өздері де оған жанкүйер болғандарын айтты. Мұндай сәттер ерекше есте қалады. Бұл спорттың ел мен тілге қарамастан адамдарды біріктіретін зор күш екенін тағы бір мәрте көрсетеді», – деді Эльмира Атханова.

Олимпиада чемпионы бүгін өз таңдауын жасау үшін келген жалғыз спортшы емес. Дауыс беру басталған сәттен-ақ Медеу ауданының тұрғындары №382 сайлау учаскесіне белсенді түрде келіп жатыр. Дауыс берушілер қатарында түрлі буын өкілдері мен әртүрлі мамандық иелері бар.

Айта кетейік, бұған дейін Шавкат Рахмонов та Құрылтай сайлауында дауыс берді

Бүгін, 23 тамызда, Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп жатыр.

145 депутаттық мандатқа жеті саяси партиядан 545 кандидат бақ сынауда.

Еске салайық, 14 ақпанда Михаил Шайдоров Италияда өткен Milano Cortina 2026 қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы жекелей сырғанаудан алтын медаль жеңіп алды. Ол қысқа және еркін бағдарламалардың қорытындысы бойынша 291,58 ұпай жинап, жапониялық Юма Кагияма (күміс) мен Шун Сатоны (қола) артта қалдырды. Бұл жеңіс Қазақстан үшін тарихи болды – мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада алтыны иеленді.

Жеңістен кейін Президент спортшыны II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Бұған дейін Шайдоров 2025 жылғы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болып, Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы атанған еді.