12 Қараша 2026, 11:23 Фото: aljazeera.com

Nvidia акциялары 8,6 пайызға құлдырады: Дженсен Хуангтың қызметіне қатысты мәселе талқылануы мүмкін

Әлемдегі жетекші чип өндірушілердің бірі Nvidia акциялары компанияның директорлар кеңесі бас атқарушы директор Дженсен Хуангтың болашағын талқылайтыны туралы ақпарат тарағаннан кейін арзандады. Сәрсенбі күні саудадан кейінгі сессияда компания акцияларының бағасы 8,6 пайызға төмендеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

The New York Times, The Wall Street Journal және Financial Times басылымдарының хабарлауынша, Nvidia директорлар кеңесі Дженсен Хуангтың қызметіне қатысты мәселені қарастыруы мүмкін. Бұған оның компания қызметкерімен некеден тыс қарым-қатынаста болғаны және Қытай арнайы қызметтерімен байланысы бар деген күдікке ілінген әйелмен де қарым-қатынасы болғаны туралы ақпарат себеп болған.

Nvidia жексенбі күні компания басшысына қатысты тергеу бастаған. Алайда компания әзірге Al Jazeera басылымының түсініктеме беру туралы сауалына жауап бермеген.

63 жастағы Дженсен Хуанг Nvidia компаниясын 1993 жылы бірлесіп құрған. Ол жасанды интеллект саласындағы қарқынды дамудың негізгі тұлғаларының бірі саналады. Оның жетекшілігімен компания жасанды интеллект модельдерін оқыту және іске қосу үшін қолданылатын жоғары өнімді графикалық процессорлар өндірісін дамытты, - деп жазды Al Jazeera.

Хуангтың қызметіне қатысты жағдай компанияның нарықтық бағасына да әсер етуі мүмкін. Сарапшылар оны Nvidia жетістігінің негізгі қозғаушы күштерінің бірі деп санайды. Оның басқару стилі компанияның күнделікті жұмысы мен стратегиялық шешімдеріне тікелей араласуымен ерекшеленеді.

Seaport Research Partners компаниясының аға сарапшысы Джей Голдбергтің пікірінше, Nvidia құрылымы Хуангтың басшылығына бейімделген. Сондықтан оны басқа басшымен алмастыру компания үшін күрделі ұйымдастырушылық өзгерістерге әкелуі мүмкін.

Ал Yorkville Ives компаниясының басқарушы директоры Дэн Айвз инвесторлар Хуангтың орнына кім келуі мүмкін деген мәселеге ерекше назар аударатынын айтты. Оның бағалауынша, Дженсен Хуанг бас директор қызметінде қалса, Nvidia акциясының құны 300 долларға, ал ол қызметтен кетсе, 225 долларға бағалануы мүмкін.

Мәселе неден басталды?

Соңғы күндері Nvidia басшысы Қытай азаматшасымен қарым-қатынаста болғаны туралы ақпарат тарағаннан кейін компания халықаралық назарға ілікті. АҚШ барлау қызметінің өкілдері бұл әйелді Қытай Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігіне жұмыс істеуге тартылған болуы мүмкін деп мәлімдеген.

Әңгіме Сингапурда орналасқан Megaspeed деректер орталығы компаниясының бұрынғы басшысы, қытайлық технология саласының өкілі Элис Хуанг туралы болып отыр. Алайда АҚШ ресми өкілдері бұл айыптауларды растайтын дәлелдер ұсынбаған. Элис Хуанг та ақпаратқа қатысты әзірге жария пікір білдірмеген.

Қытай Сыртқы істер министрлігі бұл мәлімдемелерді жоққа шығарып, оларды «негізсіз, болжамға құрылған және Қытайдың беделіне нұқсан келтіруге бағытталған» деп атады.

Жексенбі күні Nvidia директорлар кеңесі Дженсен Хуангтың шетелдік барлау операциясының нысанасына айналған-айналып қоймағанын анықтау үшін тексеру бастағанын хабарлады. Сонымен бірге кеңес компания басшысына сенім білдіретінін жеткізді.

Бұған дейін Хуанг жұбайына адал болмағанын мойындап, отбасынан кешірім сұраған. Ол жүргізіліп жатқан тексеруге толықтай көмектесуге және Nvidia компаниясы мен АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігін қорғауға міндеттенгенін мәлімдеген.

Еске салсақ, NVIDIA басшысы Қазақстанға алғаш рет келіп, 1998 жылғы видеокартаға қолтаңбасын қалдырған болатын.

Сондай-ақ, Президент NVIDIA компаниясының президенті Дженсен Хуангпен кездесті. Тоқаев NVIDIA компаниясының басшысына Ақордадағы нәтижелі кездесу үшін алғыс айтты.

Тағы оқи отырыңыз:

Қазақстан Physical AI әлемдік хабына айнала ала ма? NVIDIA басшысы ұсынысын айтты

Қазақстанда NVIDIA компаниясының физикалық жасанды интеллект жөніндегі өңірлік орталығын құру ұсынылды

Nvidia басшысы тыңшылық дауына ілікті: Не белгілі?