19 Тамыз 2026, 09:49 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Несие қарызы кешірілген азаматтар ЖТС төлемеуі мүмкін

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығымен бірлесіп, үмітсіз несиелер, оның ішінде алаяқтық жолмен рәсімделген қарыздар есептен шығарылған кезде азаматтарды ЖТС төлеуден толық босатуды ұсынды.

Қазақстанда алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен және өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды банк кешірген несие қарызы үшін жеке табыс салығын төлеуден босату ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл мәселе Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 25-отырысында қаралды.

Қазір қолданыстағы Салық кодексі бойынша банк есептен шығарған қарыз сомасы азаматтың табысы ретінде есептеледі. Сәйкесінше, қарыз алушы одан жеке табыс салығын төлеуге міндетті. Салықтан босату тек заңда көзделген жекелеген жағдайларға қатысты қолданылады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығымен бірлесіп, үмітсіз несиелер, оның ішінде алаяқтық жолмен рәсімделген қарыздар есептен шығарылған кезде азаматтарды ЖТС төлеуден толық босатуды ұсынды.

Серік Жұманғарин мұндай жеңілдік адамның өзіне байланысты емес себептермен несиесін төлеу мүмкіндігінен айырылған жағдайларға қатысты болуы керегін айтты.

Алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен азаматтар, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған қарыз алушылар қарызын есептен шығарту кезінде ЖТС төлеуден толық босатылуы тиіс. Мұндағы мемлекеттің ұстанымы айқын. Алайда, егер банк өзінің балансын оңтайландыру және провизияларды тарату үшін коммерциялық несиені есептен шығарса, бюджет салық түсімдерін автоматты түрде жоғалтпауы керек. Тәсіл теңдестірілген болуы керек, – деді вице-премьер.

Жиын қорытындысында жауапты мемлекеттік органдарға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп есеп жүргізу тапсырылды. Сондай-ақ «өмірлік қиын жағдай» ұғымына кіретін нақты өлшемдерді заңмен бекіту ұсынылды. Олардың қатарында мүгедектік, еңбекке қабілеттіліктен айырылу, мүлік пен кірістің болмауы қарастырылып отыр.

Шаруаларға жерасты суын пайдаланғаны үшін жеңілдік берілуі мүмкін

Отырыста ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жерасты суларын пайдалануға қатысты салықтық жеңілдік беру мәселесі де талқыланды.

Су ресурстары және ирригация министрлігі жерасты суларын шаруашылық айналымға кеңірек тарту үшін пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың арнайы төмендетілген мөлшерлемесін енгізуді ұсынды.

Қазір Қазақстандағы жерасты сулары әлеуетінің 3,5%-дан азы, ал суару мақсатында 2%-дан азы пайдаланылады.

Ұсыныс бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жерасты суының әр текше метріне 0,0006 АЕК, яғни шамамен 2,6 теңге көлемінде ПҚӨС мөлшерлемесі белгіленуі мүмкін. Бұдан бөлек, жерасты суын тек егістікті суаруға пайдаланатын шаруаларды жазылу бонусын төлеуден босату ұсынылды.

Министрлік есебінше, жерасты суларының бекітілген қорының кемінде 10%-ын пайдалану арқылы шамамен 116,7 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізуге болады.

Серік Жұманғарин ұсынысты қолдағанымен, мәселені ғылыми тұрғыдан жан-жақты бағалау қажеттігін айтты. Оның сөзінше, жерасты суын пайдалануды арттыру экономикалық өсімге мүмкіндік бергенімен, су қорының табиғи жолмен қайта толу деңгейі мен экологиялық қауіпсіздік те ескерілуі тиіс.

Сондықтан мәселе алдымен ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен пысықталып, содан кейін суаруды дамыту жөніндегі жол картасына енгізіледі.

Бағалы қағаздарға қатысты салық тәртібі де өзгереді

Жобалық кеңседе борыштық бағалы қағаздар бойынша дисконтқа салық салу мәселесі де қаралды.

Қазіргі Салық кодексінде дисконт сыйақы ретінде қарастырылғанымен, бағалы қағаз өтелген кезде ол іс жүзінде құн өсімі ретінде есептелуі мүмкін. Соның салдарынан экономикалық мәні бірдей табыстарға әртүрлі салық салу тәуекелі туындайды.

Осы қайшылықты жою үшін Салық кодексінің 378-бабын нақтылап, бағалы қағаз өтелген кездегі дисконтты сыйақы құрамында қалдыру ұсынылды.

Бұл купондық және дисконттық табысқа бірыңғай тәртіппен салық салуға және қазақстандық биржалардағы инвесторлар үшін тең жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Еске салсақ, Қазақстанда азаматтардың миллиардтаған қарызы кешірілетінін хабарлаған болатынбыз.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстандықтар қарыз алуды азайта бастады 

Қандай жағдайда сақтандыру компаниясы қарыз алушының несиесін өтейді?