Қарыз алушының өмірін сақтандыру – ауыр сырқат, еңбекке қабілеттіліктен айырылу немесе қайтыс болу жағдайында несие бойынша міндеттемелерден қорғауға арналған ерікті сақтандыру өнімі. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.
Сақтандыру полисі нені қамтиды?
Қарыз алушының өмірін сақтандыру жөніндегі стандартты шарт әдетте келесі тәуекелдерді қамтиды:
- жазатайым оқиға немесе ауру салдарынан қарыз алушының қайтыс болуы;
- I немесе II топтағы мүгедектіктің белгіленуі;
- еңбекке қабілеттіліктен айырылып, мүгедектік тобының берілуі.
Сондықтан ипотека рәсімдеу кезінде банктер көбіне өмір мен еңбекке қабілеттілікті сақтандыру қызметін ұсынады.
Сақтандыру қалай жұмыс істейді?
Егер қарыз алушы қайтыс болса немесе толық еңбекке жарамсыз болып қалса, сақтандыру компаниясы банк алдындағы несиенің қалған бөлігін өтейді.
Ал уақытша еңбекке жарамсыздық жағдайында, мысалы, ауру салдарынан жұмыс істей алмаса, сақтандыру компаниясы сауыққанға дейінгі кезеңде ай сайынғы несие төлемдерін жабуы мүмкін.
Мұндай сақтандырудың басты артықшылығы – отбасының қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сақтандыру жағдайы орын алған кезде төленетін өтемақы тұрғын үйді сақтап қалуға және қарыз ауыртпалығын азайтуға мүмкіндік береді.
Алайда келісімшартқа қол қоймас бұрын сақтандыру төлемі жүргізілмейтін жағдайлардың тізімімен мұқият танысып шығу қажет.
Сақтандыру болмаса ипотека не болады?
Егер сақтандыру рәсімделмесе немесе сақтандыру компаниясы төлем жасаудан бас тартса, несие бойынша міндеттемелер тоқтатылмайды.
Мұндай жағдайда қарыз мұра құрамына енгізіледі. Мұраны қабылдаған мұрагерлер қайтыс болған адамның міндеттемелері бойынша мұраға қалған мүліктің құны шегінде жауап береді.
Банк сақтандыруды міндеттей ала ма?
Қарыз алушының өмірін сақтандыру – ерікті сақтандыру түрі. Қазақстан заңнамасына сәйкес, банк бұл қызметті күштеп ұсынуға немесе несиені рәсімдеудің міндетті шарты ретінде талап етуге құқылы емес.
Тағы оқи отырыңыз: Автонесие нарығындағы өзгерістер: Сұраныстың төмендеуіне не әсер етті?