"Не біреуді өлтіремін, не өзім өлемін": Берденов сотта жауап берді
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты төртінші сот отырысы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Отырыста жәбірленуші Руслан Берденов бейнебайланыс арқылы куәлік берді. Берденов өз айтқандарын қажет болса, детектор арқылы да дәлелдеуге дайын екенін жеткізді.
Мен өмірімде Ернар Жиембайды бар болғаны үш рет көрдім: екеуінде – ресми кездесулерде, ал үшіншісінде – ол маған оқ атқанда, - деп жауап берді Берденов.
Сондай-ақ әкім орынбасары алғашқы кездесуді толық сипаттап берді.
Біз "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС-нің директоры Ернар Жиембайды кеңеске шақырдық. Ол инспектор Асанбаймен бірге келді. Бірақ Жиембай қаржының жұмсалуы, мердігерлер, тендерлер немесе жұмыс жүргізілген үйлердің саны туралы нақты ақпарат ұсынбады. Керісінше, инспектор оған "Мынаны айт, ананы айт" деп сыбырлап отырды. Кейін екеуі менің кабинетімде сөзге келіп қалды. Сонда мен: "Мұндай жағдайда біз сізбен жұмыс істей алмаймыз" дедім. Ол: "Керек болса, жұмыстан кете саламын" деді. Мен: "Онда жұмыстан шығыңыз" дедім. Кездесу осымен аяқталды, - дейді Берденов.
Берденовтің сөзінше, шамамен бір аптадан соң инспектор Асанбай оған Жиембайдың хабарласып: "Мен не біреуді өлтіремін, не өзім өлемін" дегенін жеткізген.
Ол кезде бұл сөздерге қатты мән бермедім, - деді Берденов.
Ал екінші кездесуді, Берденовтің айтуынша, Жиембайдың өзі сұраған.
Ол өз өтінішімен келді. "Менің кейбір жеке шаруаларым аяқталмады, жұмыстан бір-екі айдан кейін кетсем бола ма?" деп сұрады. Мен қарсы болмадым. Сосын ол: "Сіз – біздің кумирімізсіз, отбасымызбен сізді үлгі тұтамыз" деп қолымды алып, шығып кетті. Бұл жолы ешқандай жанжал болған жоқ, - деді Берденов.
Сондай-ақ ол сырт келбетке қатысты ескерту жасағанын да нақтылады.
Мен тек іскерлік этикетке байланысты ескерту айттым. Ол джинсы мен ақ футболка киіп келді. "Сіз әкімдікке, әкім орынбасарына есеп беруге келіп отырсыз, ал дресс-кодқа мән бермепсіз" дедім, - деп түсіндірді ол.
Берденов ешбір кездесуде жанжал болмағанын атап өтіп, барлық әңгімелер техникалық құралдар арқылы жазылып отырғанын растады.
Екі кездесуде де ешқандай дау-дамай болған жоқ. Мұны полиграф арқылы да растауға дайынмын, - деді әкім орынбасары.
Оның айтуынша, екінші кездесу өте жылы әрі достық жағдайда өткен.
Ол (Жиембай) мені үлгі тұтатынын айтты, алғыс білдірді де шығып кетті. Бірінші кездесуде куәгер – Асанбай болды. Екіншісінде екеуіміз ғана болдық. Бірақ қызметке тағайындалған сәттен бастап менің кабинетімде техникалық жазба құралдары орнатылған, оларды да тексеруге болады, - деді Руслан Берденов.
Еске салайық, Шымкент әкімі Руслан Берденовке 21 сәуірде қалалық әкімдіктің ғимараты жанында қастындық жасалды. Оған оқ атылып, жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Оқ атуға Шымкент әкімдігіне қарасты серіктестіктің қызметкері күдікті деп танылған. Қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды. Бастапқыда оқиғаға қызғаныш не әдепсіз қылық себеп болуы мүмкін деген болжам жасалды.
Сондай-ақ, Руслан Берденовті атқан күдікті Ернар Жиенбайдың әйелі де мәлімдеме жасаған еді.
2025 жылдың 28 шілдесінде Шымкентте Берденов ісі бойынша сот процесі басталды. Алайда Берденов сотқа келмегенін хабарладық.
Белгілі болғандай, Руслан Берденовті атқан күдіктінің әкесі үндеу жасады.
Аталған іске қатысты 13 тамызда Шымкентте өткен сот отырысында куәгер қызметтен босату жайын растады.