27 Қазан 2026, 15:32 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Мүлік алуға ақша салған: Алматыда 275 адам жәбірленуші деп танылды

Алматыда тұтыну кооперативі ретінде жұмыс істеген «R.O.I.» ұйымына қатысты тергеу жүріп жатыр. Қаржы пирамидасын құру және басқару дерегі бойынша қозғалған іс аясында 275 адам жәбірленуші деп танылған. Оларға келтірілген жалпы шығын 217 млн теңгені құрайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеуінше, азаматтарға жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алу бағдарламаларына қатысу ұсынылған. Тұрғындармен үлестік жарна жинақтау шарттары жасалып, қаражат қабылданған.

Алайда тергеу дерегіне сәйкес, жиналған ақша табыс әкелетін нақты кәсіпкерлік қызметке бағытталмаған. Жаңа қатысушылардың жарналары кооперативке бұған дейін кірген мүшелер алдындағы міндеттемелерді өтеуге жұмсалған, - делінген ҚМА хабарламасында.

Сондай-ақ ұйымдастырушылар кеңес беру қызметіне ақы төлеу деген желеумен кооперативтен өздеріне қатысы бар тұлғалардың шоттарына 94 млн теңге аударғаны анықталған. Қаражат түскен шоттардың арасында «Кәусар» жеке кәсіпкерлігінің де есепшоты бар.

2022 жылы сот даулары басталған соң Алматыда тағы алты тұтыну кооперативі құрылған. Олар – «ShynSaulet», «Berekeli Shanyrak», «Aya-Aru», «Jasmin», «USCoop» және «Baiterek».

Тергеу мәліметінше, бұл ұйымдар «R.O.I.» кооперативі басшысының бақылауында болған. Жеке сот орындаушылары негізгі кооперативтің банк шоттарын бұғаттағаннан кейін жаңа ұйымдар түскен қаражатты өзге шоттарға бағыттау үшін пайдаланылған.

Күдікті екі ай мерзімге қамауға алынды. Сот санкциясымен үш автокөлікке, 25 пәтерге және банк шоттарына тыйым салынды.

Тергеу жалғасып жатыр. 

Еске салсақ, Қазақстанда жеті микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды. Микрофинансылық қызметті жүзеге асыру лицензиясынан айырылған қаржы ұйымдарының тізімін мына жерден оқи аласыз.

Тағы оқи отырыңыз: Несие алуға келгендер артық ақша төлеген: «Экспресс Займға» қатысты тергеу жүріп жатыр 

«Альби» ломбардтары заңсыз қарыз берген: Күдіктінің 21 пәтері мен қонақүйі тәркілене ме? 

Жиһаз жасатамын деп 3 миллион теңгеден айырылды: Ақтөбеде тұрғынның үстінен бірнеше арыз түсті