28 Шілде 2026, 13:17 Фото: ©BAQ.KZ архиві/ЖИ - Ерболат Бекболат

Мұғалімді «маскүнем» деп атаған: Семейлік педагог сотқа арызданды

Семейде мұғалім өзіне тіл тигізген азаматты сотқа берді.

Семейдің азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында бастауыш сынып мұғалімінің ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау, сондай-ақ моральдық зиян өтемақысын өндіру туралы талап арызы қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Не болды?

Сот мәліметінше, арыздануға мектеп директорына жіберілген дауыстық хабарлама мен білім беру ұйымының ұжымымен кездесу кезінде айтылған мәлімдемелер себеп болған. Әйел педагогты ішімдікті жүйелі түрде шамадан тыс пайдаланады, жұмысқа ішімдік иісімен келеді және түстен кейін ішімдікке салынып кетеді деп айыптаған.

Айыптаулар расталмады

Сот бұл айыптаулардың расталмағанын анықтады. Мұндай қорытынды іс материалдарын және соттың психологиялық-филологиялық сараптамасының қорытындысын зерделегеннен кейін жасалды. Сондай-ақ сот даулы мәліметтердің үшінші тұлғалар арасында таратылғанын, олардың беделге нұқсан келтіретін сипатта болғанын және шындыққа жанаспайтынын таныды.

Соттың шешімі

Нәтижесінде сот жауапкерді мектеп директоры мен директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының көзінше мұғалімнен кешірім сұрауға, сол арқылы бұрын таратылған мәліметтерді теріске шығаруға міндеттеді. Бұдан бөлек, сот моральдық зиянды өтеу туралы талапты ішінара қанағаттандырып, жауапкерден сот шығындарын өндіріп алды.

Шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Түркістанда мұғалімдерден пара алған экс-директор қамауға алынған болатын. 

Тағы оқи отырыңыздар:

Мұғалімге қол көтерген оқушы жауапқа тартылады – министр

Педагогтер де айлық алмаған: Алматы облысында 487 млн теңге жалақы қарызы өтелді

TikTok-та мұғалімді мазақ ету трендке айналды ма? Қостанайда оқушылардың әрекеті тексеріліп жатыр