Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкіметтегі брифингте мұғалім мәртебесіне қатысты пікір білдіріп, ұстазға қол көтерген оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еске сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде Алматы облысының Қарасай ауданындағы мектептердің бірінде ұстазға жұдырық ала жүгірген оқушының видеосы тараған болатын.
Журналист министрден қазіргі қоғамда мұғалімге деген құрметтің төмендеп бара жатқаны туралы пікірлерге байланысты сұрақ қойды.
Сұраққа жауап берген министр ұстаздардың мәртебесі Қазақстанда заңмен бекітілгенін атап өтті.
Бұлоқиғаға байланысты оқушыға қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда құзыретті органдар бұл мәселені егжей-тегжейлі тергеп жатыр. Заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады, – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрдің айтуынша, бүгінде Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдердің жалақысын көтеру, артық жүктемесін азайту және құқықтық қорғалуын күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Сондай-ақ ол қоғамда ұстаздарға деген құрмет сақталғанын айтты.
Бір ғана оқиғаға қарап, еліміздегі 420 мың мұғалімге және 3 млн 900 мың оқушыға қатысты қорытынды жасау қисынсыз деп санаймын. Бүгінде оқушыларымыз ұстаздарына құрметпен қарайды, – деді министр.
Жұлдыз Сүлейменова ұстаз мәртебесі туралы заңда мұғалімдерді құрметтеу, олардың құқығын қорғау және жауапкершілік мәселелері нақты қарастырылғанын жеткізді.
Министрдің сөзінше, қазір Мәжіліс пен Сенатта мұғалімдерді артық жүктемеден босату және олардың жауапкершілігін тек оқу процесімен нақтылау мәселелері де қарастырылып жатыр.
Бұл бағыттағы жұмыстар қоғамда жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді, – деді ведомство басшысы.
Еске сала кетейік, Астанада оқушыны ұрып жіберген мұғалім жұмыстан шығарылды.
Сондай-ақ, Шымкентте оқушыны ұрған мұғалім қамауға алынды. Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында мектеп-лицей мұғаліміне қатысты іс қаралды. Ол кәмелетке толмаған оқушыны ұрып-соғу дерегі бойынша кінәлі деп танылды.