Михаил Шайдоров бапкері Алексей Урмановпен жұмысын тоқтатты
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров бұдан былай Олимпиада ойындарына дайындалған бапкері Алексей Урмановпен жұмыс істемейді. Бапкермен жасалған келісімшарт бұзылып, спортшы жаңа олимпиадалық циклге кірісті. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр Алексей Урмановқа Шайдоров командасымен үш жыл бойы атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, оның алдағы уақытта да жас қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылармен жұмысын жалғастыратынына үміт білдірді.
Біз өз тарапымыздан Алексей Урмановқа зор алғыс айтқымыз келеді. Ол – Олимпиада алтынын жеңіп алған және Олимпиада чемпионын дайындауға көмектескен адам, – деді Ербол Мырзабосынов журналистердің сұрағына жауап бере отырып.
Министрдің айтуынша, Михаил Шайдоров жаңа олимпиадалық циклге дайындықты бастаған. Жыл басынан бері мәнерлеп сырғанаушы 13 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, бірнеше жарысқа қатысқан.
Сондай-ақ министр спортшының алдағы жарыстарға дайындалу және жаңа элементтерді меңгеру үшін өз командасын таңдауға құқылы екенін атап өтті.
Жеңістен кейін Президент спортшыны II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
Сондай-ақ, Михаил Шайдоров Братиславада өткен ISU Challenger сериясындағы Memorial Ondrej Nepela турнирінде қола жүлдеге ие болды.
Спортшының әлемдік рейтингте екінші орынға көтерілгенін хабарладық.