5 Тамыз 2026, 09:54
Фото: Instagram/mikhail_shaidorov
Михаил Шайдоров 2030 жылғы Олимпиадаға қатысты маңызды мәлімдеме жасады
Қазақстанға тарихи алтын сыйлаған мәнерлеп сырғанаушы алдағы жоспарын ашық айтты. Оның келесі мақсаты қандай?
Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров 2030 жылы өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қатысуды жоспарлап отырғанын растады.
Әлеуметтік желіде оқырмандарымен сұхбат барысында спортшыдан келесі Олимпиадаға дайындалуды жоспарлап отырғаны жөнінде сұрақ қойылды.
Иә, әрине. Мен бар күш-жігерімді салып жаттығамын және осы мақсатқа толықтай ден қоямын, – деп жауап берді Шайдоров.
Осылайша, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы кем дегенде келесі олимпиадалық цикл аяқталғанға дейін спорттық мансабын жалғастыруды көздеп отыр.
Еске салайық, 14 ақпанда Михаил Шайдоров Италияда өткен Milano Cortina 2026 қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы жекелей сырғанаудан алтын медаль жеңіп алды. Ол қысқа және еркін бағдарламалардың қорытындысы бойынша 291,58 ұпай жинап, жапониялық Юма Кагияма (күміс) мен Шун Сатоны (қола) артта қалдырды. Бұл жеңіс Қазақстан үшін тарихи болды – мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада алтыны иеленді.
Жеңістен кейін Президент спортшыны II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.
Бұған дейін Шайдоров 2025 жылғы әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болып, Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы атанған еді.