15 Қыркүйек 2026, 20:38 Фото: pexels.com

Меркурий шамамен 12 км-ге кішірейді – ғалымдар

Меркурий планетасы шамамен 11,6 километрге кішірейген. Хоккайдо университетінің зерттеушісі Гаку Нисияма бастаған халықаралық ғалымдар тобының анықтауынша, бұған планета қойнауының біртіндеп суынуы себеп болған. Зерттеу нәтижелері Geophysical Research Letters журналында жарияланды.

Бүгінгі таңда Күнге ең жақын орналасқан планетаның радиусы шамамен 2440 километрді құрайды. Алайда Меркурий әрдайым бұлай болмаған: ішкі қабаттарының суынуына байланысты планета біртіндеп сығылып, оның қыртысы деформацияға ұшырады.

Бұл үдерістің іздері бетінде анық көрінеді. Онда көптеген қатпарлы жоталар мен биік жарлар орналасқан. Ғалымдар шамамен 4,6 миллиард жыл бұрын түзілгеннен бері Меркурийдің қаншалықты кішірейгенін осылар арқылы ұзақ уақыт бойы анықтауға тырысты. 

Сығылу іздері жасырылып қалуы мүмкін еді

Мәселе мынада, барлық көне құрылымдар көрінетін күйінде сақтала бермеген. Олардың бір бөлігі уақыт өте келе астероидтар соққысынан бөлінген материалдардың және басқа да жас түзілімдердің астында қалып қойған.

Зерттеушілер жаңа тәсілді қолданды: олар беткі қабаттың кедір-бұдырын планетаның сығылуынан пайда болған құрылымдардың таралуымен салыстырды. Кедір-бұдыр аумақтарда мұндай түзілімдердің әлдеқайда сирек кездесетіні анықталды. Бұл олардың жоқтығын емес, көміліп қалғанын немесе нашар көрінетінін білдіруі мүмкін.

Осы фактор ескерілгеннен кейін, радиустың кішірейгені туралы бұрынғы 8,3 шақырымдық бағалау 11,6 километрге дейін арттырылды. Ғалымдар тіпті бұл көрсеткіш те төмендетілген болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Жаңа деректерді BepiColombo алуы мүмкін

Меркурийдегі өзгерістердің ауқымын нақтылауға Еуропалық ғарыш агенттігі мен Жапонияның бірлескен жобасы – BepiColombo миссиясы көмектеседі. Аппарат планета бетінің бедерін әлдеқайда дәл өлшей алады.

Зерттеушілердің айтуынша, жаңа бақылаулар Меркурийдің геологиялық тарихын ғана емес, сондай-ақ шағын тасты планеталардың суыну және эволюция процестерін де жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ алғаш рет орбитада қаруы бар екенін мойындады. 

Тағы оқи отырыңыз: 

Қытай Айдың ең қараңғы кратерлерін зерттейді

Өзбекстан орбитаға жасанды интеллекті бар спутникті ұшырды