26 Тамыз 2026, 11:49 Фото: ©BAQ.KZ/Артём Чурсинов

Мектепте өзгеріс болады: Енді мұғалімдер аптасына 12 сағатқа дейін уақыт үнемдейді

500 шағын жинақты мектепте жасанды интеллект енгізіледі.

Қазақстанда жаңа оқу жылынан бастап 500 шағын жинақты мектепте жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Бұл туралы Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтіп жатқан тамыз конференциясында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің мәліметінше, жоба профессор Кайфу Лидің ұсынысы негізінде еліміздің барлық өңірлеріндегі 500 шағын жинақты мектепті қамтиды.

Оқу-ағарту министрлігінің есептеуінше, жасанды интеллект технологияларын пайдалану мұғалімдердің аптасына 12 сағатқа дейінгі уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Бұл уақытты ұстаздарымыз балалармен жеке жұмысқа, білімдегі олқылықтарды толтыруға, сонымен бірге олардың қабілетін дамытуға жұмсауы тиіс, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министр жасанды интеллектінің білім беру жүйесіндегі рөліне қатысты ұстанымдарын да атап өтті.

Біздің ұстанымымыз айқын: жасанды интеллект мұғалімді алмастырмайды, ол тек қана мұғалімнің кәсіби мүмкіндігін арттыруға көмекші болып қала береді, – деді ол.

Сонымен бірге министр жаңа технологиялардың өзі білім сапасын автоматты түрде арттырмайтынын атап өтті. Осыған байланысты биыл мемлекеттік стандарттар, оқу бағдарламалары және оқу-әдістемелік кешендер жүйелі түрде қайта қаралған.

Қазақстанда алғаш рет бірінші және он бірінші сыныптарға арналған барлық қолданыстағы оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер толық сараптамадан өткен.

Нәтижесінде оқу материалдарының төрттен бірінен астамы ескіргені анықталған. Осыған байланысты оқулықтарды кезең-кезеңімен жаңарту және оларды бағалаудың үш деңгейлі жаңа сараптама жүйесін енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жұлдыз Сүлейменова білім беру жүйесінде жаттауға негізделген тәсілден оқушыны алған білімін түсініп, оны іс жүзінде қолдануға үйрететін модельге көшу қажеттігін айтты.

Жалпы, біз жаттауға негізделген білімнен ойлануға және сол алған білімді қолдануға үйретуге көшетін боламыз, – деді министр.

Ол сондай-ақ кітап оқу мәдениетінің маңызына тоқталды.

Жасанды интеллект бұл жалпы жылдамдық береді, ал кітап бізге терең ойлау және терең білім береді, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Оның айтуынша, білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – кітап оқуды және жасанды интеллект мүмкіндіктерін дұрыс үйлестіру.

Яғни жаңа модельде технология мұғалімді алмастыратын құрал емес, оның уақытын үнемдеп, оқушымен жеке жұмыс істеуге көбірек мүмкіндік беретін көмекші ретінде қарастырылады.

Еске салсақ, бүгін Астанада педагогтердің дәстүрлі тамыз конференциясы өтіп жатыр. Биылғы жиын «Жаңа Конституция – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбына арналған. Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан конференцияға еліміздің өңірлерінен келген мұғалімдер, білім беру саласының мамандары мен сарапшылар қатысуда. Бұл дәстүрлі жиын биыл 600 маманның басын қосты.

Жиынның ашылуында Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім саласындағы өзгерістер мен педагогтерді қолдауға бағытталған жұмыстар туралы айтты. Сөзінше, Қазақстанда мұғалімдердің жалақысына білім саласы қаржысының 65,9%-ы жұмсалады. Білім саласына бөлінетін қаржы үш еседен астам артты.

Тағы оқи отырыңыз: Жәрдемақы, үстемақы және қосымша төлем: Ауыл мұғалімдеріне қандай жағдай жасалған?