13 Қазан 2026, 18:12 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Ғазиз Шәкіров

Мәслихат сайлауына жеті партия қатысады: AMANAT сайлауға түспейтін болды

Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына жеті саяси партия қатысады. AMANAT партиясы сайлауға қатыспау туралы шешім қабылдаған. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Қазақстанда ресми тіркелген сегіз саяси партияның бірі – AMANAT партиясы Орталық сайлау комиссиясына мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатыспайтыны туралы ресми хат жолдаған.

Бүгін отырыс басталар алдында Орталық сайлау комиссиясына AMANAT партиясынан мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатыспайтыны туралы ресми хат келіп түсті. Бұл хат жұмысқа алынды. Осыған байланысты басталған сайлау науқанына қалған жеті партияның қатысуы жөнінде дауыс беріп, шешім қабылдауымыз керек, – деді Нұрлан Әбдіров.

Отырыс қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімдер бойынша мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысуға жеті партияны жіберу туралы тиісті қаулылар қабылдады.

Олар:

* «Ақ жол» демократиялық партиясы;
* «Әділет» партиясы;
* «Ауыл» партиясы;
* Қазақстан Халық партиясы (ҚХП);
* Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП);
* «Байтақ» жасылдар партиясы;
* «Республика» партиясы.

Еске салайық, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашада өтеді. Сайлау барысында еліміздегі 228 мәслихаттың 3 447 депутатын сайлау жоспарланған.

Еске салайық, бұған дейін Орталық сайлау комиссиясының отырысында Әділет вице-министрі Ботагөз Жақсыбекова Қазақстанда сегіз саяси партия ресми тіркелгенін хабарлаған болатын. Олардың қатарында AMANAT, «Ақ жол», «Әділет», «Ауыл», Қазақстан Халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Байтақ» және «Республика» партиялары бар.