Маңғыстауда қаза тапқан үш әскери қызметшінің денесі Оралға жеткізілді
25 қыркүйек күні сағат 08:45-те Орал қаласының әуежайына Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан батысқазақстандық әскери қызметшілер Жеңіс Темірғалиев, Өмірбек Өмірзақ және Ақжайық Ғилаждың денесі арнайы рейспен жеткізілді. Бұл туралы БҚО әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаза тапқан әскери қызметшілерді ақтық сапарға шығарып салу және жерлеу рәсімдері 26 қыркүйек күні өтеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаза тапқандардың отбасыларына жергілікті атқарушы органдар тарапынан материалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, бұл іске бизнес өкілдері де атсалысады. Жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру бойынша барлық қажетті шаралар қабылдануда.
Аталған жағдай облыс әкімінің тікелей бақылауында.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілер қаза тапқан болатын. Қорғаныс министрлігі кейін қаза болған 12 әскери қызметшінің аты-жөнін жариялады. Қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Қазақстанда 25 қыркүйек Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанға халықаралық қолдау: Каспийдегі қазаға байланысты Тоқаевқа шетел басшылары көңіл айтты
«Қош болыңдар, бауырларым»: Димаш Құдайберген қаза болған сарбаздардың отбасыларына көңіл айтты
Әскери қызметшілердің қазасы: Бірқатар лауазымды тұлға салғырттық танытты деген күдікке ілінді