ЛРТ жыры, су мен тұрғын үй мәселесі. Астана енді қалай дамиды?

1998 жылы 6 мамырда атауы ресми түрде Астана болып өзгерген елордамызға 25 жыл толды. Ширек ғасыр ішінде сарыарқа даласындағы 300 мың тұрғыны бар шағын қаладан ірі мегаполиске айналды. Осы уақыт аралығында біраз нәрсе істелді, алайда Астана болашағы қандай болмақ, қала басшылығында нендей жоспар бар және елорда қай бағытта дамиды? BAQ.KZ тілшісі бүгінгідей мереке күні осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті.

Ал биыл Астана қаласына 25 жыл толып отыр. Осы уақытқа дейін еліміздің елордасы дамудың бірнеше сатысынан өтті. Тіпті атауы Нұр-Сұлтан деп кейін қайта Астана болып өзгерді. Елорданың өткені мен тарихына байланысты сараптамалық материалымызды мына жерден оқи аласыздар. Ал біз бүгіні мен келешегіне үңіліп көрейік.

Даму жоспары

Астана – болашағы зор қала. Осы орайда, біз «жасыл қала» идеясын жүзеге асыруға айрықша мән береміз. Елордамыз, ең алдымен, тұрғындарға ыңғайлы қала болуы керек. Астана – аймақтағы ірі қаржы орталығы. Әлемнің 75 елінің 2 мыңнан аса компаниясы бизнес жүргізу үшін Астана халықаралық қаржы орталығын таңдады. Бүгінде Қаржы орталығы елімізге 8 миллиард доллар инвестиция тартты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Келешекте де Астана біздің геосаяси аймақтағы маңызды орталық ретінде дами бермек, - дейді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, қазіргі кезде Астана халқының саны 1 миллион 370 мың адамға жеткен. Бұл кезінде қабылданған Бас жоспардың болжамынан бірнеше есе көп. Жыл сайын қалаға 50 мыңға жуық жаңа тұрғын көшіп келіп, 30 мың бала дүниеге келеді. Ал Қосшы, Талапкер сияқты қала маңындағы елді мекендерден күн сайын 150 мыңға жуық адам келіп-кетеді. Сондай-ақ тіркелмеген және басқа қаладан келіп, жұмыс істеп жүрген 50 мың адам бар.

Осы орайда Астананың 2035 жылға дейінгі даму жоспары жасалып жатыр. Онда басымдық тұрақты экономикалық өсімді сақтауға, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға, инфрақұрылымды дамытуға, экологияны сақтау мен миграция ағымын бақылауға берілген.

Осы орайда тек биылдың өзінде 60 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Олардың көбі шағын және орта бизнес секторында болмақ. Сондай-ақ елордада 154 инвестициялық жоба әзірленді.

Астана әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына тиесілі 19 позиция бойынша жыл сайын 600 мың тонна өнім тұтынады. Алайда қала сол өнімнің тек 3 түрін өзі өндіреді, қалғаны басқа өңірлерден жеткізіледі. Осыған орай қазір көлемі 72 мың тонна болатын 8 жоба іске асырылып жатыр. Қалада қуаты 14 мың тонна болатын 2 жылыжай кешені салынды.

Сондай-ақ жалпы ауданы 70 мың шаршы метрді құрайтын 2 көтерме-тарату орталығы, 2 көкөніс қоймасы және 2 қойма кешені салынып жатыр. Бұдан бөлек жеке инвестициялар есебінен 2 заманауи базар құрылысы басталды. Шаһар басшысының мәліметінше, биыл нан зауыты мен 6 мың тонна көкөніс сақтауға арналған қойма іске қосылады.

Өмір сүруге қолайлы қала: су, жылу және экология

Соңғы жылдары елорда тұрғындары су мен жылу мәселесіне тап болғаны баршаға мәлім. Халыққа көп ыңғайсыздық әкелген бұл проблеманы қала әкімі жақында толық шешілетінін айтты.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Астанада жаңа ауыз су станциясының (ССС-3) бірінші кезеңі іске қосылды. Ол тәулігіне 35 мың текше метр су беруге қауқарлы. Осылайша қаладағы су тапшылығы мәселесі толығымен шешіледі.

Тамыз айында станцияның екінші кезеңін бастаймыз. Яғни тәулігіне тағы 70 мың текше метрден астам су беріледі. Осылайша су тапшылығы 3-4 жылға толық шешіледі. Бұдан бөлек Нұра жерасты су кен орнынан су құбырын жобалау және Телман елді мекеніндегі сорғы-сүзгі қуатын кеңейту аяқталып қалды. Бұл жобалар келешекте Астананы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша қосымша қуат береді, - деп сендірді әкім.

Қаланы жылыту мәселесіне келсек, биыл жыл соңына дейін «Оңтүстік-Шығыс» мемлекеттік техникалық қызметі пайдалануға беріледі деген жоспар бар.

Қаланы қамтамасыз ететін екі Жылу электр орталығы да ескі және жаңғыртуды қажет етеді. 5 жылдан бері құрылыс жұмыстары жүргізіліп келе жатқан 3-Жылу электр орталығы ерекше маңызды мәселе. Астаналықтар қыс маусымында жылу мәселесіне тап болмайтынын сенімді түрде айта аламыз, – деді Мәжіліс депутаты Павел Казанцев.

«Қазстройподряд» компаниясының Бас директорының орынбасары Әділхан Әбілдиннің айтуынша, бұл жүйе биылғы жылыту маусымының басында қосылады

Қазан айында 190 Гкал жылу жіберіледі. Бұл жүйе тәуелсіз, сондықтан қазандықтар өздігінен жұмыс істейді. Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін жылу жүйесін қалаға қосамыз. Сол жағалау аймағын қамту көзделуде. Әрі қарай, біз жылу электр орталығынан суды қыздырамыз. Қазір жұмыстың 40% орындалды, қазан айына дейін үлгереміз, – деді ол.

Жалпы жылу станциясы 2023 жылдың қараша айына дейін пайдалануға берілуі тиіс. «Оңтүстік-Шығыс» мемлекеттік техникалық қызмет жалпы қуаты - 350 Гкал.

Жаңа Бас жоспарға сәйкес, қаланы абаттантыруға ерекше назар берілген. Негізгі саябақтар жөнделіп, 15 қоғамдық кеңістік пен 105-тен аса аула абаттандырылмақ. Сондай-ақ 1 миллионға жуық жасыл желек егіледі.

Осы орайда шаһар әкімі Талдыкөл мәселесіне тоқталған еді. Оның айтуынша, үлкен Талдыкөлдің көлемі 5 есе ұлғаяды. Оған кем дегенде 1-2 жыл уақыт керек.

Құрылыс пен тұрғын үй мәселесі

Биыл Астанада құрылысы ұзаққа созылған 30-дан астам тұрғын үй аяқталады. Осылайша 4 мыңға жуық үлескер отбасы көптен күткен пәтерлеріне кіре алады.

Қала әкімі сондай-ақ құрылыс компаниялары заңнамада көзделген қатаң критерийлерге сәйкес белгілі бір жағдайларда ғана үлескерлердің қаражатын қабылдай алатынын атап өтті. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігін алу, екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысу, тұрғын үйдің қаңқасын тұрғызғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту.

Осыған қоса қалада 20-ға жуық учаскеде көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің орнына әлеуметтік нысандар пайда болады. Бұл мектептер, емханалар, қоғамдық кеңістіктер (гүлзарлар, желекжолдар, аулалар), балабақшалар.

Мысалы Есіл өзенінің жағасында, Косыгин көшесінің ауданында көппәтерлі тұрғын үй кешендері гүлзарға ауыстырылды, ал «Copenhagen» ауданында көппәтерлі тұрғын үй кешені алаңға ауыстырылды. «Nova city» ауданында білім беру орталығы салынып, «Қалалық романс» ТК ауданында - мектепке жаңа ғимаратқа, балабақша мен скверге және т.б. ауыстырылды», - деді серт берді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, Астана әкімі биыл қаңтар айынан бастап инженерлік желілерсіз және Бас жоспарсыз құрылысқа рұқсат берілмейтінін атап өтті.

Сонымен қатар, егер қандай да бір құрылыс компаниясы құрылысты техникалық шарттардың толық пакетінсіз жалғастырса, құрылыс учаскелеріндегі жұмыс толығымен тоқтатылады және компания жосықсыз компаниялардың «қара» тізіміне енгізіледі.

Жол, автобус және ЛРТ

Биыл Астанада халық көптен күтіп жүрген Тәуелсіздік даңғылында автомобиль көпірі ашылады. Сондай-ақ биыл ұзындығы 54 шақырымнан асатын 70-тен астам көшені жөндеу жоспарланып отыр, ағымдағы жөндеу жұмысымен 300-ге жуық көше қамтылады.

Қала тұрғындарының өсуін ескере отырып, қоғамдық көліктер санын ұлғайту жұмысын жүргізіп жатырмыз. Жуырда 20 электроавтобус жеткізілді, оған дейін 50 автобус болатын. Шілде айында тағы 70 автобустың жеткізілуін күтіп отырмыз. Жыл соңына дейін барлығы 400 автобус жеткізіледі. Бұл жаңа бағыттарды іске қосуға, күту уақытын қысқартуға, ескі автобустарды алмастыруға және т.б. мүмкіндік береді, - деді қала басшысы.

Жемқорлықтың алып нысанына айналған LRT бойынша мәселе шешіле басталғандай. Себебі әкімнің айтуынша, құрылыс жұмыстары жанданып, биыл 50 миллиард теңге бөлінді. Жобаның алғашқы бөлігі 2 жыл ішінде аяқталуы мүмкін. Жоспар бойынша бастапқыда 8 станция және 5 пойыз болады.

Әлеуметтік нысандар: балабақша, мектеп және аурухана

Елорда халқы жыл сайын жасарып келеді. Қазір астаналықтардың орташа жасы – 30. Алайда қалада мектеп, аурухана, балабақша сияқты әлеуметтік нысандар жетіспейді. Дегенмен келесі 2 жылда 30 балабақша, 40 мектеп және 4 медицианлық нысан (2 перинаталды орталық пен 2 амбулатория) салынады. 

Сондай-ақ көп ата-анаға қуанышты жаңалық, 3 жыл ішінде елорданың әр ауданында үйірмелері бар 15 заманауи білім беру орталығы ашылады.

Қазіргі кезде 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр, 11 мектеп жаңа оқу жылы ішінде пайдалануға беріледі. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тағы 24 мектеп салынады. Мектептер барлық аудандарда, соның ішінде елді мекендерде де пайда болады. Жаңа оқу жылында тапсырылатын 9 мектеп Алматы, Байқоңыр, Есіл аудандарында орналасатын болады. Бұдан бөлек Есіл және Нұра аудандарында 15 мектеп салынады. Мәселен «Хан-Шатырдың» артында 3 мектеп салу жоспарланып отыр. Олар 12 мың оқушы орнын (2 ауысымды) жасақтауға мүмкіндік береді, - деді Жеңіс Қасымбек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы