Бүгiн 2026, 16:50 Фото: ©BAQ.KZ/Артем Чурсинов

LRT жолаушы тасымалдауға дайын: Алғашқы сапардан фоторепортаж

22 шақырымдық желі, 18 станса және жүргізушісіз вагон - Астанада көптен күткен LRT ресми ашылуға дайын.

Астанада көптен күткен LRT осы демалыста ресми түрде іске қосылады. Ал оған дейін елордалық журналистер мен блогерлер жаңа көлік жүйесін алғашқылардың бірі болып сынап көрді. Қала тұрғындары жылдар бойы сыртынан бақылап жүрген алып эстакаданың үстімен бұл жолы расымен пойыз жүрді. CTS ұйымдастырған баспасөз турында BAQ.KZ журналистері стансаларды аралап, пилотсыз құрамдарға мініп, билет алу жүйесін көріп, болашақта астаналықтар мен қала қонақтарының қалай қатынайтынын өз көздерімен көрді.

Әуежайдан вокзалға дейін: LRT қай бағытпен жүреді?

LRT желісінің ұзындығы - 22,4 шақырым. Бағыт Астананың ең ірі әрі адам көп жүретін жерлерін байланыстырады.

Пойыздар Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан бастап, Қабанбай батыр даңғылы, «Mega Silk Way», Ботаникалық бақ, «Абу Даби Плаза», Министрліктер үйі, Ұлттық музей, «Нұрлы жол» вокзалына дейін қатынайды.

Жалпы жүйеде 18 станция бар. Оның 11-і жерүсті, 7-еуі жабық эстакадалық форматта салынған.

Осы демалыста LRT іске қосылғанда жүйе тек 17 станцияға тоқтайды. Себебі Қалдаяқов көшесіндегі бекеттің бірінде әлі инфрақұрылым жоқ, маңайында үйлер әлі салынып бітпеген. Бірақ инфрақұрылым болса, станция ашылуға дайын тұр.

Толық маршрутты басынан соңына дейін шамамен 40 минутта жүріп өтуге болады. Қозғалыс интервалы - 5-6 минут.

Тыныштық пен жайлылық

Пойыз бекетке еш дыбыссыз дерлік келіп тоқтайды. Әдеттегі метро немесе пойыздағыдай тарсыл, рельс соғылған дыбыс жоқ.

CTS өкілдерінің айтуынша, бұл үшін жіксіз рельс технологиясы қолданылған. Рельстер арасында буын болмағандықтан, қозғалыс кезіндегі шу айтарлықтай азаяды.

Сонымен қатар вагон қабырғалары қалыңдатылып, арнайы дыбыс бәсеңдететін жүйелер орнатылған.

Машинист жоқ: Пойызды кім жүргізеді?

LRT-ның ең басты ерекшелігі – ол толық автоматтандырылған жүйе. Астана LRT халықаралық GoA4 стандартымен жұмыс істейді.

Бұл – машиниссіз басқарудың ең жоғары деңгейі. Яғни пойыз өздігінен жүреді, өзі тоқтайды, есіктерін автоматты түрде ашады, қозғалыс аралығын бақылайды, қауіпсіздікті өзі реттейді. Басқару түгелдей цифрлық жүйе арқылы іске асады.

Қазір жүйеде 19 құрам бар. Оның 15-і күнделікті желіде жүреді, ал 4-еуі резервте болады.

Бір құрам 600-ден астам жолаушыны тасымалдай алады.

LRT билетін сатып алу

Баспасөз турында журналистерге төлем жүйесі де көрсетілді. LRT-да жабық төлем жүйесі жұмыс істейді. Яғни платформаға тек төлем жасағаннан кейін ғана кіре аласыз.

Жол ақысын төлеудің бірнеше тәсілі бар:

1. FacePay: Бет биометриясы арқылы төлеу.

2. Банк картасы: Visa немесе MasterCard карталарын қолдануға болады.

3. Apple Pay және Samsung Pay: Смартфон немесе смартсағатпен төлем жасауға болады.

4. QR-код: Kaspi немесе Halyk қосымшалары арқылы.

5. LRT көлік картасы: Арнайы көлік картасының бағасы - 1000 теңге.

6. Бір реттік билет: Кассадан немесе автоматтан сатып алынады.

Жол жүру құны - 200 теңге. Ал мектеп оқушылары мен жеңілдік санатындағы жолаушылар үшін жол ақысы тегін болады.

Станциялар әуежайды еске салады

LRT стансалары кәдімгі автобус аялдамасына мүлде ұқсамайды. Көп жерде панорамалық әйнек, автоматты турникеттер, эскалаторлар, лифтілер, үлкен күту залдары орнатылған.

Платформа толықтай әйнекпен қоршалған. Пойыз келген кезде есіктер синхронды түрде бірге ашылады. Бұл қауіпсіздік үшін жасалған.

Тур кезіндегі ең әсерлі сәттердің бірі - Есіл өзені үстіндегі аспалы көпір болды. Көпірдің ұзындығы - 155 метр, биіктігі - 28 метр.

Осы жерден Астананың панорамалық көрінісі ашылады. Қала мүлде басқа қырынан көрінеді.

Журналистердің көбі дәл осы бөлікті видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеді.

Құрылыс кезіндегі даулы мәселелерге не жауап берілді?

CTS басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев соңғы жылдары қоғамда жиі талқыланған мәселелерге де тоқталды.

Құрылыс кезінде бірнеше рет өрт шыққан. Оның себебі – құрылыс қоқыстарының тұтануы. Компания мәліметінше, инфрақұрылым зақымданбаған, зардап шеккендер болмаған.

Әлеуметтік желіде тараған мұз қатып тұрған эстакада суреттері құбырлардың толық қосылмауымен байланысты болған. Қазір дренаж жүйесі толық іске қосылған.

Өткен қыста сынақ режимінде қар арнайы тазартылмаған. Биыл арнайы техника қолданылады.

LRT-да кімдер жұмыс істейді?

Қазір жүйеде 1000-нан астам адам еңбек етеді. Оның ішінде пойыз операторлары, диспетчерлер, техникалық мамандар бар. 500-ге жуық қызметкер арнайы оқудан өткен.

CTS мәліметінше, қазір жүйеде 300-ге жуық шетелдік маман жұмыс істейді. Бірақ алдағы жылдары олардың орнына қазақстандық кадрлар дайындалады.

«LRT қосылуға дайын»

CTS мәліметінше, бүгінде тестілік сынақтар толық аяқталған. Сынақ барысында рельстер, байланыс желісі, қауіпсіздік жүйелері, апаттық сценарийлер, стансалар мен құрамдар тексерілген.

Қазір тек абаттандыру, клининг, деподағы соңғы жұмыстар жүріп жатыр. Компанияның айтуынша, бұл жүйенің іске қосылуына әсер етпейді.

Осылайша, Астанада жылдар бойы ең көп талқыланған жобалардың бірі жаңа кезеңге өтті. Осы демалыстан бастап қала тұрғындары алғаш рет аспан үстімен жүретін пилотсыз пойызға мінеді.

Еске салайық, бұған дейін LRT нақты қашан іске қосылатыны белгілі болған еді

Сондай-ақ, LRT жолақысы 200 теңге болатынын, ал кімдер тегін жүру мүмкіндігіне ие екені жайлы жаздық.

Тағы оқи отырыңыздар: LRT-дегі өрт, мұз және шу: Халық көтерген мәселеге жауап айтылды 

LRT Қосшы мен ескі вокзалға дейін ұзартылмақ: Жоба қашан іске асады? 

Астанада жеңілдігі бар LRT картасын үйден шықпай қалай рәсімдеуге болады?