LRT-мен қанша адам жүрді? Статистика жарияланды
Астанадағы LRT алғашқы күннен аншлаг жасады.
Астанада іске қосылған LRT желісіндегі жолаушылар саны алғашқы күндері күрт артты. Бұл туралы CTS басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, LRT іске қосылғаннан кейін жолаушылар ағыны жобалық көрсеткіштен де жоғары болған.
LRT іске қосылған сәттен бері жолаушылар саны 180 мыңға дейін жетті. Кеше шамамен 100 мың жолаушы тіркелді. Бұл – жобалық өткізу мүмкіндігінен жоғары көрсеткіш. Қазіргі таңда жолаушылар ағыны екі есеге азайды, – деді CTS басшысы.
Асылбек Дүйсебаев LRT жүйесі толық автоматтандырылғанын еске салып, тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.
Өздеріңіз білетіндей, LRT жүйесі толық автоматтандырылған және жүргізушісіз жұмыс істейді. Сондықтан қауіпсіздік талаптарын сақтау өте маңызды. Кейбір әрекеттер пойыздардың уақытша тоқтауына себеп болуы мүмкін, – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Президент Astana LRT жұмысын іске қосты.
Тоқаев LRT жүйесінің алғашқы жолаушысы атанды.
Астана жұрты LRT-ның іске қосылуын жақсы көңіл-күймен қарсы алды.
Одан кейін шу шығып, LRT есігін күштеп ашпақ болғандар анықталды.