Бүгін Астана тұрғындары мен қала қонақтары LRT пойыздарының бірінің жұмысы уақытша тоқтап қалғанына шағымданды.
Тасымалдаушы компанияның хабарлауынша, жолаушылар тарапынан қауіпсіздік ережелерін бұзудың бірнеше дерегі тіркелген.
Мұндай әрекеттер апатты жағдай туындатуы және қозғалыстың уақытша кідіруіне әкелуі мүмкін.
Атап айтқанда, кейбір жолаушылар:
- платформадағы жедел тежеу батырмасын себепсіз басқан;
- пойыз ішіндегі қорғаныш әйнектің ар жағында орналасқан платформалық есіктерді шұғыл ашу батырмасын іске қосқан;
- вагон есіктерін ішінен өз бетінше ашуға әрекеттенген;
- есіктің жабылуына әдейі кедергі келтіріп, қолдарын есік арасына тосқан.
LRT жүйесі толық автоматтандырылған. Сондықтан мұндай әрекеттердің барлығы жүйе тарапынан қауіпсіздікке төнген ықтимал қатер ретінде қабылданады. Соның салдарынан пойыз тоқтап, диспетчерлік орталық қосымша тексеру жүргізеді, – делінген LRT баспасөз қызметінің хабарламасында.
Тасымалдаушы жолаушылардан LRT пайдалану ережелерін сақтауды сұрады. Сондай-ақ камералар арқылы ереже бұзған азаматтар анықталғаны айтылды. Жиналған материалдар құқық қорғау органдарына жолданады.
Компания өкілдерінің мәліметінше, мұндай әрекеттер жолаушылар қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, LRT жүйесінің тұрақты жұмысына кері әсер етеді.