Корея, Ресей және Еуропа: Мыңдаған қазақстандық не үшін шетелде жұмыс істеп жүр?
Қазақстаннан шетелге жұмыс істеуге кететін азаматтар саны артып келеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің BAQ.KZ редакциясына берген ресми мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы жағдай бойынша 148,6 мың қазақстандық шетелде еңбек етіп жүр.
Қазақстандықтар қай елдерге кетіп жатыр?
Министрлік мәліметі бойынша, қазақстандықтардың басым бөлігі Ресейде жұмыс істейді.
Елдер бойынша көрсеткіш:
- Ресей Федерациясы - 124 мың адам;
- Корея Республикасы - 12,9 мың адам;
- Польша - 2,5 мың адам;
- Словакия - 1 мың адам.
Сонымен қатар қазақстандықтардың еңбек көші-қоны бағытында Ұлыбритания мен Канада да негізгі бағыттардың қатарында аталды.
Қанша дәрігер, мұғалім немесе IT-маман кеткені белгісіз
Министрлік кәсіби бөлініс бойынша есеп жүргізілмейтінін ашық мәлімдеді.
Шетелде еңбек қызметін жүзеге асырып жүрген азаматтардың кәсіби тиесілігі бойынша, оның ішінде дәрігерлер, педагогтар, IT-мамандар мен инженерлерге қатысты жеке статистикалық есеп жүргізілмейді, - делінген ресми жауапта.
Бұл ретте нақты қандай мамандардың елден жиі кетіп жатқаны туралы толық картина жоқ.
Себеп
Ведомство мамандардың шетелге кетуінің себептері әртүрлі екенін және мемлекет азаматтардың жұмыс орнын таңдауына шектеу қоя алмайтынын айтты.
Министрлік жоғары білікті мамандардың шетелге тәжірибе жинау үшін баратынын атап өтті.
Азамат қаласа, елімізде де, өзге мемлекетте де заңды түрде жұмыс істей алады. Шетелде тәжірибе жинап келген азаматтар кейін озық технологияларды елге әкелуі мүмкін, - деп түсіндірді министрлік.
Сондай-ақ ведомство қазақстандық мамандардың шетелде сұранысқа ие болуы отандық білім сапасының көрсеткіші екенін де атап өтті.
Жастарды елде ұстап қалу үшін қандай шаралар бар?
Министрлік жастарды жұмыспен қамту үшін бірқатар мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып жатқанын хабарлады. Олардың бірі - «Жастар практикасы».
Ресми мәлімет бойынша:
- жыл сайын бағдарламаға 30 мыңнан астам жас қатысады;
- 2026 жылы 25 мың жасты қамту жоспарланған;
- 1 мамырдағы жағдай бойынша 2,7 мың жас бағдарламаға жолданған.
Сонымен қатар:
- 36 мың жас бос жұмыс орындарына орналастырылған;
- 9,3 мың адам қоғамдық жұмыстарға тартылған;
- 1,7 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген;
- 748 жас қысқа мерзімді оқуға қатысқан;
- 5,2 мың адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқуды бастаған.
Жалақы мәселесі қалай шешіледі?
Министрлік жалақы көлемі мемлекет емес, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы келісімдер арқылы айқындалатынын еске салды.
Ведомствоның мәліметінше, жалақы еңбек шартына сәйкес белгіленеді және оның мөлшері қызметкердің біліктілігіне, жұмыстың күрделілігіне және еңбек жағдайына байланысты.
Жастарды қолдауға арналған қандай бағдарламалар бар?
Министрлік жастарды қолдау үшін қазір бірнеше стратегиялық құжат жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.
Олардың қатарында:
- 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы;
- Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы;
- Президенттік жастар кадр резерві бар.
Министрлік бұл бағдарламалар жастардың жұмыспен қамтылуын, кәсіби дамуын және ел ішінде мүмкіндік алуын күшейтуге бағытталғанын атап өтті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, қазақстандықтар көбіне қай елге жұмыс істеуге баратыны белгілі болды.
Тағы оқи отырыңыз: Шетелдегі жұмыс, жоғары жалақы: Бұл не деген батпан құйрық? – ІІМ азаматтарға ескерту жасады